Екі айдан бері ауруханада жатқан келіншектің дәрі-дәрмегіне де қаржы қалмапты. Бұл туралы арнамызға шағымданған науқастың қызы айтты. Ал автобус паркі соттың шешімі шыққаннан кейін ғана материалдық көмек көрсетілетінін айтады. Тергеу неге ұзаққа созылды? Өтемақы қашан беріледі?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
26-наурыз күні болған сұмдық автобус апатында қоғамдық көліктен әрең шығарылған Сүрия Жанабекова міне 80-күн осы ауруханада әлі емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның сол жақ аяғын сақтап қалу үшін 15-тен астам операция жасалыпты. Алайда, барлығы сәтсіз. Сондықтан, оның сол жақ аяғын алып тастауға тура келді дейді олар.
ИВАН ЛИ, №2 ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: "Бүгінгі медицинадағы барлық тиімді әдістерді қолдандық. Еліміздегі ең үздік ортопедттер мен травмотолог дәрігерлер науқасқа кеңес берді. Тіпті, шетелден тәжірибелі мамандарды шақырттық. Өкінішке орай, Германия мен Мәскеуден келген травмотологтар да көмектесе алмады. Сондықтан, 1 апта бұрын аяғына ампутация жасадық".
Сүрия Жанабекованың қызы Ләззәттің айтуынша, дәрігерлер анасының аяғына протез салу қажет екенін айтқан. Алайда, автобус паркі зардап шегушіге әлі өтемақы бермепті. Ал, қолжетімді әрі сапалы протез тек Еуропада бар, оның құны кем дегенде 15 мың еуро, теңгеге шаққанда 7 миллионға жуық -дейді қызы.
ЛӘЗЗӘТ НҰРЛЫБАЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ ҚЫЗЫ:"Анам жайдары, белсенді адам болғанымен ауруханадағы күндері оңай өтіп жатқан жоқ. Жалпы дәрігерлердің болжамы жақсы,бірақ әлі ешқандай өтемақы алмадық. Тұрмысы орташа отбасы үшін күнделікті психолог сияқты түрлі мамандарды жалдау қиын. Бәрі ақша ғой. Тегін ем біткен соң да анамның толыққанды адам болуы үшін қыруар қаражат қажет".
«Тут женщину смяло прям. Ну, не смяло, вот это все прям на нее свалилось. Тут водитель был, скорее всего не выжил».
Айта кету керек, жол апатынан сол күні автобус жүргізушісі мен бір жолаушы көз жұмған еді. Тағы 36 адам жарақат алып, басым бөлігі №2 ауруханаға жеткізілген болатын. Аяғы жұлынып кеткен Фарида есімді тұрғынға ота жасалып, бір айдан соң ауруханадан шығыпты. Ал, жұлынынан ауыр жарақат алған Зина Ақжанова әлі ұлттық нейрохирургиялық орталықта ем алуда. Қоғамдық тасымалға жауапты компания зардап шеккендерге өтемақы төлеудің тәртібі бар дейді.
НАУАТ АЗАНБАЕВА, "АСТАНА LRT" ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: "Бірінші автопарк сақтандыру компаниясы бар. Солармен олар келісім шарты да бар. Егер де жол апаты болып тұрса зардап шеккендерге өтемақы төлеуі керек. Соттың шешімі жоқ. Болғаннан кейін ғана оларға өтемақы төлей алады".
Ал, жол апатына байланысты қозғалған қылмыстық іс әлі тергеліп бітпеген.
СОФЬЯ ҚЫЛЫШБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: "Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Сот медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша нақты процесуалдық шешімдер қабылданатын болады".
Тергеудің қашан аяқталып, соттың шешімі қашан шығатыны әлі белгісіз. Себебі бұл жантүршігерлік жол апаты аса күрделі істердің қатарына жатқызылады екен. Сондықтан төсекке таңылған Сүрия Жанабекова ауруханадан шыққан соң да біраз күтетін секілді.