Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет үйінде өткен брифингте журналистер әлеуметтік желіде тараған автобус жолақысы 500 теңгеге дейін өсуі мүмкін деген болжамға қатысты сұрақ қойды.
Ұлттық экономика вице-министрі тарифтің өсуіне ықпал ететін жалғыз экономикалық алғышарт – тасымалдау құнының артуы болуы мүмкін екенін түсіндірді.
– Мысалы, бензин бағасының өсуі. Бірақ тарифті көтеру туралы шешімді әрбір компания дербес қабылдайды. Бұл таза коммерциялық мәселе: сұраныс пен ұсынысқа байланысты, – деді ол.
Өз кезегінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жолақының 500 теңгеге дейін көтерілуі туралы мәлімдеме – жекелеген сарапшының пікірі ғана екенін атап өтті.
– Әрине, қоғамдық көлік халыққа бағытталған, сондықтан жолақының күрт өсуіне жол берілмейді. Егер жолақы бағасы өссе, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, – деп толықтырды Е.Біржанов.
Бұған дейін Е.Біржанов Қазақстанда 45 мың азаматтың 180 млрд теңге қарызы кешіріліп, банкроттық жарияланғанын айтқан еді.