-Көкшетауда қала ішінде жүру құны 1 тамыздан бастап бірден 15 теңгеге қымбаттады. Бұны жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындар қосалқы бөлшектердің, жанар-жағармайдың қымбаттауымен түсіндірген еді. Бірақ бірінші топтағы соқырларға жасалған жеңілдік алынып тасталады деп ешкім күтпеген. Енді зағиптар, қасындағы жетектеп жүретін адамды қосқанда, қала ішінде жолақыға 120 теңге төлейтін болды.
Мүгедектігі үшінайына 31 мың теңге жәрдемақы алатын зағиптар енді оны қайда жеткізерін білмейді. Жол жүру жеңілдігі алынып тасталған 1 жарым айда мәселе шешілер деп күткен. Бірақ оларға қарайласуды ойлап отырған әкім-қара жоқ.
Дүйсенбай Ақышев, Қазақ зағиптар қоғамы Ақмола облыстық филиалының төрағасы:
-Бүгінге дейін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады.Облыстық әкімдікке Нұр Отанға бардық. Ешқандай көмек болмай тұр.
Жоламан Мәдиев, бірінші топтағы мүгедек:
-Бізге күн де қараңғы түн де қараңғы. Енді тіпті қараңғы қапаста қалуымыз керек пе бізге? Неге осыны басшылар ойланбады екен? Мен бірінші рет естігенде тіпті түңілдім.
Осылай налыған мүгедектер әкімдіктің алдында әкімнің өзін күткен еді. Бірақ қала басшысы далаға шыққан жоқ. Орынбасары зағиптарды мәжіліс залында қабылдады. Бұған дейін беті қайтып қалған жандар барынша дауыс көтеріп, мұқтаждықтарын жарыса жеткізді.
Алтынай Әміренова, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
-Осы қыркүйектің 3-інде жолаушы тасымалдаушылармен жиналыс өткізіледі. Енгіземіз, жеңілдіктерді. Олар бюджеттен қаражат бөлінбейді деп алып тастаған.
Әкімдіктегілер жеңілдікті кешікпей енгіземіз деп уәде берді. Таяғына сүйенген мүгедектер үміттеніп қалды. Ал жолаушылар тасымалдау қауымдастығының басшысы бұл жағдай бюджеттен қаражат табылып, дотация болса ғана жүзеге асады дейді. Сөйтіп, зағиптар шенеуніктер онсыз да шектелген мүмкіндікті шектеп тастамас деген сеніммен тарқасты.