Аяз өртті өршітіп жіберді

Бет қаратпай тұрғансары аяз құтқару қызметінің жұмысын да қиындатып жіберді. Мәселен Оралда бір айдың ішінде 160 рет өрт шығыпты. Екеуінде кәсіпкерлер қып-қызыл шығынға батқан. Жылу құралдарын жаппай қосудың соңы осындай оқыс оқиғаға ұласып жатыр.

Нұржан Қажыкенов, БҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі бөлімінің бастығы:

-Ауа райының күрт төмендеуіне байланысты өрт сөндіру кезінде өрт сөндіру гидранттарының қалыпты жағдайда ұсталмауы кесірінен су қатып қалып, өрт сөндіруге арналған гидранттармен жұмыс қиындады

Семейге сары аяз келгелі тұрғындардың құты қашқан. Далада -30 градус аяз, үйдің іші де оңып тұрғаны шамалы. Қала орталығындағы бес қабатты мына үйде 96 пәтер бар. Барлығының басын қатырған мәселе жылудың жоқтығы. Суықтан қабырғаларды сыз тартып, терезелерге мұз қата бастапты.

Валентина Григорьева, Семей қаласының тұрғыны: 

-Жауаптылардың салақтығынан зардап шегіп жатырмыз. Қазір пәтер ішінің суық болуы қалыпты жағдайға айналып кетті. Бір-біріне сілтеп жатыр бәрі

Жылу беретін мекеме өкілдері мәселе мұндағы желілердің қиындығынан туып отырғанын айтады. Жертөлесі жоқ үйге қызмет көрсету оңай емес деп ақталуға тырысты олар.


Жұман Мусин, «Жылукоммунэнерго» мекемесі жылу инспекциясының бастығы: 

-Бұл күрделі үйлердің санатына кіретін нысан. Ондағы желілерді тексеру үшін бірінші қабаттағы едендерді түгел аршу керек. Дегенмен бүгіннен бастап бұл үйге жылу қалыпты беріле бастады.

Семейдің өзінде қазір қақаған қыс енді күшіне мінсе, жақын маңдағы ауылдарда сынап бағанасы -42-ге дейін төмендеген. Жол жиегінде қатып қалған көліктер көп. Омбы қар мен саршұнақ аяздан қатынас барған сайын қиындап барады.

- Үскірік аяздың кесірінен еліміздің бірнеше өңірінде оқушылар әлі күнге дейін үйде демалып жатыр. Синоптиктер шығыстағы суық апта соңында сынады деп болжауда. Ал келесі жұманың бел ортасында күн тағы күрт суытпақ.