Аязда Астанадағы балабақшадан жалаңаштанған бүлдіршін қашып кетті

Жергілікті тұрғындар Астана көшелерінің бірінен сырт киімі жоқ жылап жүрген баланы көрген.

Аязда үстіне жұқа жемпір, бәтіңке және колготка киіп көшеде жүрген баланы жаяу жүргінші байқап қалады. Ол оны жақын маңдағы балабақшаға ертіп барады. Сол жерде тәрбиешінің баладан көз жазып қалғаны анықталады. Әйел болған жағдай туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол, сондай-ақ, Сарыарқа ауданы ішкі істер бөліміне барып арыз да жазған екен.

Астанадағы білім басқармасындағылар коттедж ғимаратында орналасқан балабақшаның тізілімде жоқ екенін айтты. Аталған балабақшаның ішінде камера да, күзетші де жоқ болып шықты.

"Тәрбиеші барлығын бақылап үлгермегендіктен, бала далаға шығып кеткен. Ата-аналардан бізге ешкім хабарласпады. Десе де біз өз тарапымыздан аталған жағдайға қатысты Астана қаласындағы білім саласын бақылау департаментіне хат жаздық", — деп жауап берді білім басқармасындағылар.


Сондай-ақ, ведомстводағылар мұндай балабақшалардың пәтерлерде немесе жертөледе болатынын айтып өтті. Яғни олар қауіпсіздік талаптарына еш сай келмейді.

Балабақшаның ресми тізілімде бар-жоғын білім саласындағы бақылау департаментінің сайтынан көруге болады.