Осы орайда, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен» үкіметтік емес ұйымдарға грант ұсыну бастамасы қолға алынып, бірқатар ҮЕҰ-дың жобаларын жүзеге асыру ісі жолға қойылуда. Аталған гранттар арқылы қандай бастамаларды жүзеге асыруға болады? Оның қоғамға берері не? Осы және өзге де сауалдарды Caravan.kz тілшісі «Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті Алишер Мажитке қойып көрді.
- Әлішер, алдымен оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз? Сол сияқты өзіңіз қызмет ететін ұйым туралы айтып берсеңіз? Немен айналысасыздар? Алдағы мақсаттарыңыз қандай дегендей?
Рақмет! Мен Мажит Алишер Мажитұлы, азаматтық қоғам мен әлеуметтік саясат саласындағы сарапшымын және «Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президентімін. Біздің ұйымның басты бағыты - әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, азаматтық қоғам институттарын дамыту және мемлекеттік органдармен тиімді серіктестік орнату. Бүгінгі мақсатымыз – үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін күшейту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар жүйесін жетілдіру және өңірлердегі әлеуметтік идеяларды тұрақты механизмге айналдыру.
- Естуімізше, биылғы жылы грант ұтып алдыңыздар? Бұл қандай грант? Оның аясында қандай жұмыстар атқарылады? Осы жөнінде айтып берсеңіз?
Иә, биыл біздің ұйым «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» гранты аясында «Азаматтық бастамаларды дамыту және өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін үйлестіру» жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаның мақсаты – өңірдегі ҮЕҰ мен азаматтық бастамалардың әлеуетін арттыру және олардың қызметін жүйелеу. Осы бастама шеңберінде Ақтөбе облысының Азаматтық орталығы өз жұмысын жалғастыруда: мұнда аптасына екі рет ашық қабылдау жүргізіліп, ҮЕҰ мен белсенді азаматтарға құқықтық, ұйымдастырушылық және бухгалтерлік кеңес көрсетіледі.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде оқыту семинарлары өткізіліп, әлеуметтік жобаларды әзірлеу, гранттарға және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатысу тетіктері үйретілуде.
Бұған қоса, жоба аясында «Ресурстық орталық» құрылып, ол ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттесуді нығайтуға, конкурстық тапсырмалардың сапасын арттыруға және қоғамдық бақылау мәдениетін дамытуға ықпал етуде. Қазіргі таңда орталық өңірдегі жүздеген ұйымдарға әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсетіп, азаматтық қоғамның тұрақты инфрақұрылымына айналды.
- Жалпы, қазіргі таңда мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жағы қалай? Бұған дейін осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынды? Алда қандай жоспарларыңыз бар?
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ҮЕҰ-ларға қолдау айтарлықтай жүйеленді. Егер бұрын НПО-лар көбінеcе жеке бастамалармен шектелсе, қазір олардың қызметі мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Біріншіден, әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі артты. Бұрын біржылдық келісімдер басым болса, бүгінде үшжылдық әлеуметтік тапсырыстар кезеңі басталып, ҮЕҰ-ларға тұрақты жұмыс жүргізуге мүмкіндік берілді. Екіншіден, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» арқылы гранттық қаржыландыру кеңейді. Бұрын тек республикалық ұйымдар қатысса, қазір өңірлік және аудандық ҮЕҰ белсенді қатысуда. Мысалы, Ақтөбе облысында соңғы екі жылда гранттық жобалардың саны екі есе өсті. Үшіншіден, қоғамдық бақылау мен ашықтық саласында нақты өзгерістер бар. «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Қоғамдық бақылау туралы» заңдар қабылданып, азаматтық сектордың рөлі артты. Бірақ кейбір қоғамдық кеңестер әлі де бұл мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай отыр.
Мысалы, Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесі соңғы жылдары бірде-бір азаматтық бақылау шарасын ұйымдастырмаған және мемлекеттік сатып алу бойынша комиссия құрамына да қатыспаған.
- Cол сияқты көптеген үкіметтік емес ұйымдардың түрлі кедергілермен тап болып жататынын білеміз, ол қандай қиындықтар? Оны шешу жолдарын айтып берсеңіз?
Иә, негізгі кедергілер жүйелі сипатта. Біріншіден, әкімшілік және процедуралық тосқауылдар. Кейбір конкурстарда филиал, кеңсе, бухгалтер немесе тіпті «мастер спорта» секілді штаттық талаптар қойылады - бұл заңсыз және теңсіздік тудырады. Екіншіден, қаржыландыру мен есептілік мәселелері бар. Кейбір мемлекеттік тапсырыстар бойынша төлем кешігеді, аванс берілмейді немесе есеп үлгілері күрделі. Біз заңға НПО-лардан қаржылық есепті талап етпеу туралы норма енгіздік, бірақ кей мекемелер оны әлі сақтамайды.Үшіншіден, диалогтың жетіспеушілігі. Үйлестіру кеңестері жылына төрт рет қана жиналады, ал проблемалар апталық сипатта. Сондай-ақ, НПО-мен тек ішкі саясат немесе жастар басқармалары айналысуы керек деген түсінік бар - бұл қате. ҮЕҰ барлық салаларда жұмыс істейді, кейде олардың тәжірибесі мемлекеттік құрылымдардан да жоғары. Оның шешімі - ҮЕҰ-дардың құқықтық сауатын арттыру, тұрақты кеңесші алаңдар құру, қоғамдық кеңестер мен сарапшылардың рөлін заңдық деңгейде бекіту. Біз осы бағытта нақты жұмыс істеп келеміз — ЦПГИ гранты аясында 20-дан астам ҮЕҰ-ның мүддесін қорғадық, оның кейбірі сот арқылы әділ шешімге жетті.
- Cұхбатымыздың соңында жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, алда тағы да грант ұтып, бірқатар жобаларды жүзеге асыруыңызға тілектестік білдіреміз!
Рақмет! Бұл біз үшін үлкен мотивация. Азаматтық қоғамның дамуы - тек ҮЕҰ-лардың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Біз алдағы уақытта да жаңа жобаларды іске асырып, өңірлік және ұлттық деңгейде нақты нәтижелерге жетуге күш саламыз. Басты мақсатымыз — қоғамның сенімін арттыру, әр азаматтың пікірін естіртіп, азаматтық бастамаларды нақты іске айналдыру.