Әзербайжан Каспий теңізіндегі даулы талас тудырып отырған Кяпаз кен орнын Түркіменстанмен бірлесіп пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармайды

"Иә, бұл әбден мүмкін. Барлығы екі мемлекеттің келісіміне байланысты", - деді Н. Алиев.

Оның айтуы бойынша, бұл мәселе Каспий теңізінің мәртебесіне байланысты. Сондықтан, Әзербайжан мен Түркіменстанға бірінші кезекте Каспий теңізінің түбінің орта сызығын анықтау бойынша келіссөздерді бұдан әрі де жалғастыру керек.

"Түркіменстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізінің мәртебесі бойынша бұдан бұрынғы келіссөздер еш нәтиже берген емес. Алайда, мен бұл келіссөздер жанданады деген үміттемін. Бұл жерде ең бастысы - біздің бір-бірімізді түсінуіміз және халықаралық қағидаларға сәйкес әрі әлемде бар тәжірибе негізінде әрекет етуіміз. Әзербайжан, Ресей және Қазақстан Каспий теңізін бөлісудің ортақ қағидасын жасап шығарды және оны табысты қолдану үстінде. Осының негізінде біз Түркіменстанмен де келіссөздер жүргізуіміз керек", - деп атап өтті Н. Алиев.

Оның сөзіне сенсек, келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Кяпаз кен орнының секторлық иелігін анықтамақ.

"Бұл кен орындарды КСРО кезінде әзербайжан мұнайшылары тапқан болатын. Кеңестер Одағы кезінде ол тура Әзербайжан мен Түркіменстан аралық сызығының ортасында орналасуы себепті Аралық (Промежуточное) деген атауға ие болған. Бұнда тіпті үш ұңғы бұрғыланған болатын. Алайда, Кяпаз кен орнын Әзербайжан мемлекетінің ашқандығына қарамастан тараптар аралық сызықты анықтау бойынша келіссөздерді жалғастыру керек", - деп сөзін жалғастырды Н. Алиев.

Ол Кяпаз кен орнынан алынтаны мұнай қоры әзербайжандықтардың хабарлауынша шамамен 50 млн тоннаны құрамақ.

Өз кезегінде Әзербайжанның сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяров Әзербайжан мен Түркіменстан Баку қаласындағы Түркіменстан елшілігінің қызметін қайта жандандыру туралы келісімге қол жеткізілгенін хабарлады.

Оның айтуы бойынша, Санкт-Петербургте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммиті шеңберінде Әзербайжан мен Түркіменстан президенттерінің кездесуі болған. Оның қорытындысы бойынша, тараптар экономикалық ынтымақтастық бойынша бірлескен үкіметаралық комиссия құру, сондай-ақ, Әзербайжандағы Түркімен елшілігінің қызметін қайта жандандыру туралы келіскен.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрі, тараптар әртүрлі салаларда, соның ішінде энергетика саласында ынтымақтастық туралы көптеген мәселелер қарастырылғанын атап айтты. "Энергетикалық ынтымақтастық шеңберінде Транскаспий газ құбырының жобасы да қарастырылуда. Бұл сұраққа жауап үкіметаралық комиссия іске кіріскен соң белгілі болмақ", - деді Э. Мамедьяров.

"Біз шынында да Түркімен жағының Әзербайжанмен ынтымақтастықты кеңейтуге деген ынтасын сезінудеміз", - деп сөзін қорытындылады Э. Мамедьяров.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті