Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан елшісін қабылдады

Президенттің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кездесуде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екі жақты қарым-қатынас мәселесі, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия аймағындағы саяси ахуал, Каспий теңізіндегі мұнай-газ кеніштерін пайдалану саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері сарапқа салынды.

А.Шоқпытов президент болып сайлануына байланысты И.Әлиевке Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жолданған құттықтау хатты табыс етті. Онда Қазақстан үкіметі Әзербайжанда Гейдар Әлиев негізін қалаған экономикалық және демократиялық даму бағыты одан әрі жалғасын табады дегенге сенеді деп атап көрсетілген.
Өз кезегінде президент И.Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы барлық саладағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастық үрдісіне қанағаттанатындығын білдіре отырып әлеуеті зор осынау ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап көрсетті. Әзербайжан мемлекет басшысы сондай-ақ, екі ел арасындағы достық байланыстар Г.Әлиев пен Н.Назарбаевтың күш-жігер, талап-талпынысымен орныққанын баса айтып, екі ел арасындағы екі жақты байланысты одан әрі тереңдетуге ықылас білдірді.