Әзербайжанда айырбастау пункттерінде валюта сатуға тыйым салды

Әзербайжан Орталық банкі коммерциялық банктердің бас кеңселері мен бөлімшелерінен тыс жерлерде шетелдік валюта айырбастау бойынша операцияларға тыйым салынғанын мәлім етті.

Орталық банк шешіміне сәйкес айырбастау пункттері туристер көп шоғырланған жерлерде, соның ішінде қонақ үйлер мен әуежайларда ғана қызметін жүзеге асырады.

2015 жылы 21 желтоқсанда Әзербайжан Орталық банкінің шешімімен ұлттық валюта - манат еркін бағамға жіберілген болатын. 14 қаңтардағы бағамға қарасақ, бір доллар - 1,5706 әзербайжан манатына тең. Бұл елдегі регулятордың бекіткен бағамы.