Әзербайжанда мұнай мұражайы құрылатын болды

"Бакуде мұнай мұражайын құру туралы шешім Әзербайжанда мұнай өнеркәсібін дамытуды, мұнайдың ел тәуелсіздігін нығайтудағы рөлін және қазіргі уақытта республиканың әлеуеттілігінің, соның ішінде жалпы адамзат өркениетіне қосқан үлесінің өскендігін ескере отырып, сонымен қатар Әзербайжанның мұнай тарихын зерделеу және осы салада нәсихаттау жүргізуді күшейту мақсатында қабылданған",- деп атап өтті ел президентінің әкімшілігіндегілер.

Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясына бір ай мерзімде мұнай мұражайын құру жөніндегі ұсынысты дайындап, мемлекет басшысына ұсыну тапсырылған. Дүниежүзінде бірінші мұнай ұңғымасы Әзербайжанда Бакудің маңындағы Биби - Эйбат мұнай кенішінде 1847 жылы бұрғыланған болатын. Сондай-ақ, дүниежүзінде алғаш рет мұнай тасымалдау да Әзербайжанда 1878 жылы "Қара қала" мен "Балаханы" мұнай кәсіпорындары арасындағы мұнай құбыры арқылы жүзеге асырылған болатын.