11-тамызда 1 күнге созылатын сапар аясында қор басшысы EITI бастамасын Әзербайжанда жүзеге асыру тәжірибесімен бөліседі. Ол ҚР энергетика және минералды ресурстар министрімен, қаржы министрлігі мен "ҚазМұнайГаз ҰК"АҚ өкілдерімен жүздеседі.
С.Шарифов бұған дейін EITI бастамасын Әзербайжанда жүзеге асыру үлгісі шетелдерде үлкен қызығушылық тудырғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Қазақстанмен бірге Африкадағы 5 мемлекеттен бастаманы жүзеге асыру саласы бойынша ақыл-кеңес беру туралы өтініштер келіп түскен. EITI аясында Әзербайжанда дайындалатын есеп беру моделі бұл елдерде мақұлданған. Дегенмен, С.Шарифовтың пікірінше, "мұнай мен газдан басқа да шикізат өндіруші салалардың көптігіне байланысты Қазақстан үшін бұл мәселе біраз қиындық тудырмақ".
Комиссиядағылардың хабарлауынша, тамыздың аяғында Лондонда EITI аясында құрылған халықаралық консультациялық топтың бірінші жиналысы өтеді. Топтың басшысы болып әлемге танымал "Transparency International" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Питер Айген сайланды. Бұл топ EITI бастамасын дүниежүзінде жаппай жүзеге асыруды көздейді. Топ құрамына бастамаға біріккен әрі ресурстарға бай 4 елдің (соның ішінде жоғары деңгейде дамыған АҚШ, Франция және Норвегия елдері бар), шикізат өндірумен шұғылданатын 4 компанияның және үкіметтік емес 4 ұйымның 16 өкілі енді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Шикізат өнеркәсібінде жариялылық орнату жөніндегі бастаманы Ұлыбритания үкімет басшысы Тони Блэр 2002-жылдың қыркүйек айында Йоханнесбург қаласында өткен тұрақты даму жөніндегі саммитте жария еткен.
Бастаманың мақсаты - шикізат өндіруші компаниялардың төлемдері туралы ақпараттарды, сондай-ақ, табиғи ресурстарға бай елдердің үкіметтері тапқан пайданы жариялы болдыруға қол жеткізу.
Қазіргі жағдаймен бастамаға Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Франция, Бельгия, Жапония, Норвегия, Индонезия, Нидерланды, Нигерия, Әзербайджан, Қырғызстан елдері біріккен.
Бастаманы жүзеге асыруда Қазақстан Әзербайжанның тәжірибесін пайдаланбақшы. Әзербайжанда 2003-жылдың қараша айында министрлер кабинетінің бұйрығымен бастаманы жүзеге асыру жөіндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, 2004-жылдың 24-қарашасында мемлекеттік комиссия, үкіметтік емес ұйымдар коалициясы мен шетелдік және отандық компаниялар арасында EITI бастамасын жүзеге асыру және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумға сәйкес, көмірсутегі шикізатын өндіруші 22 компания жылына екі мәрте аударымдары туралы үкіметке есеп беріп отыруға тиіс. Өз кезегінде үкімет те аталмыш компаниялардан түскен қаржының көлемі туралы есепті жариялауға міндетті. Бұл мәліметтер аудиторлық компанияға тапсырылып, соның негізінде аудиторлық компания үкіметтің шикізат өндіру саласынан тапқан пайдасы туралы жалпы есепті әзірлейді. Әзербайжан аурыз айында ашықтық туралы бастама аясындағы бірінші есебін жария етті. Оған 2003 және 2004-жылдың алғашқы жартысындағы мәліметтер енсе, тамыздың басында екінші есепті жариялап, оған үкіметтің шикізат өндіру саласында 2004-жылы тапқан пайдасы туралы ақпараттар енгізілді.