Бұл Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Азғыр ауылы. Қазақ-Ресей шекарасының дәл іргесінде орналасқан. Ширек ғасыр бұрын төңіректі жауынгерлер күзетіп тірі жанды аттап бастырмайтын. Өйткені Азғырдан Кеңес Үкіметі әскери полигон ашып ядролық сынақтар жүргізді. Ал онысын жасырып, жергілікті халықты алдап келді.
Амангелді Мағзұмов, Ағзыр ауылының тұрғыны:
- Ол кезде барлығы құпия еді ғой. Бұл жерден мұнай іздеп жатыр деп естідік. Ал 60 жылдары бұл жерде алтын шығарыпты деген сыбыс айтылған. Сөйтсек, сынақ алаңы екен.
Мұнда13 жылдың ішінде 13 рет ядролық сынақ жүргізілген. Кейбірінің қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан әлдеқайда жойқын болған деседі. Алайда «Азғырдың» тағы бір маңызды міндетті атқарғаны белгілі болып отыр. Ғалымдар «Ява» деп аталатын мына алып темір шар сияқты құрылғымен жасанды алмас өндірген. Одақ ыдыраған тұста құпия өндіріс тоқтатылыпты. Юрий Лялин полигонның қызметімен етене таныс. Айтуынша, «Ява» қазір тот басқан, құр темір болып қалғанымен, кезінде 150 келі алмас өндірілген.
Юрий Лялин, Жайық-Каспий экология департаментінің қызметкері:
- Мына жерге жарылғыш қойып, шардың ішінде қысым қуатын тудыратын. Сөйтіп, алмас жасалатын.
Сенатор Серсенбай Еңсегенов жасырын қондырғы туралы алғаш білгендердің бірі. Халық қалаулысы оны кері қайтармас бұрын зерттеп алуға кеңес береді.
Серсенбай Еңсегенов, Сенат депутаты:
- Көрсетілген құны шамамен 5 млн. 630 мың АҚШ долларындай. Қазіргі кезде аталған қондырғы жұмыс жасамайды. Бұл қондырғыны қайтарған жағдайда оның әрмен қарай пайдалану тетіктерін арнайы министрліктер анықтауы керек.
Енді қаңырап қалған «Азғырға» ғалымдардың оралуы екіталай. Себебі зерттеу жүргізу үшін полигонды радиациядан тазартып алу керек. Бұл үшін қыруар қаржы қажет. Ал кезінде алмас өндірілген «Ява» нысаны келмеске кетіп құр металлға айналуы мүмкін. Оның үстіне қондырғы қазақ жерінде болғанымен, ресми түрде әлі Ресей меншігінде.