Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Instagram желісінде жариялаған видеода ажырасар алдында мұндай кеңесті ешкім айтпағанын атап өтті.
"Кезінде ажырасар алдын маған ешкім айтқан жоқ. Менің жіберген қателігімді жасамасын деген оймен жазып жатырмын. Отбасыны сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасағандарыңызды білемін. Бала-шағаны бақтыңыздар, үйді тап-таза ұстап, күйеуді құрметтедіңіздер, бәрін кешіріп, ата-енеге жағу үшін бәрін істедіңіздер. Бірақ, бүкіл махаббатты жан-жаққа шашып тастадыңыздар. Өзіңізге деген махаббат қалған жоқ", - дейді ол.
Оның айтуынша, әйел адам ажыраспай-ақ өзіне көңіл бөлу керек.
"Ажыраспай жүріп те өзіңізге назар аударып, жайлы жағдай жасауға болады. "Ажырасамын, Өзімді таңдаймын, ойымды өзгертемін, махаббатымды арттырамын" деген өтірік нәрсе. Оған сенбеңіздер. Онсыз да қазір ажырасу өте көп", - дейді әнші.
Өнер иесі ажырасып кеткен әйелдерге де өзін кінәламауға кеңес берді.
"Егер ажырасып кеткен болсаңыздар, бұл - тағдыр. Өкінбеңіз, өзіңізді кінәламаңыз. Ал қазір ажырасқым келеді дейтін болсаңыз, ажырасқаннан кейін бәрі күшті болып кетеді деп айта алмаймын. Өзіңізді жинағанша уақыт керек. Бала-шаға "әке" деген кезде өзіңізді кінәлі санайсыз. "Ажыраспау керек пе еді" деп ойлайсыз. Оның бәрінен өтуге уақыт керек. Ажыраспай жүріп те өзіңізді таңдаңыз", - дейді Индира Расылхан.
Индира Расылханның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейбір желі қолданушылары әншінің сөзін қолдаса, тағы бір тобы оның пікіріне қарсылық білдіріп, ажырасуға қатысты көзқарасын сынға алған.
"Бірінші өздері ажырасып алады, сосын ақыл кіріп, жұртқа ақыл айтушыларды түсінбеймін", "Ажырастың ба, жайыңмен жүр", "Өзің неге ажырасып жүрсің", "Дұрыс айтасың", "Осы әңгімені бір адам айтты-ау", "Иә, ажырасу оңай, балаларды жәутеңдетпей отбасыны сақтап қалу керек", - деп жазды олар.