"Ажырасқан әйел ең сүйкімсіз әйел ме": Роза Әлқожа ел күтпеген мәлімдеме жасады

Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Әнші желідегі парақшасында жан сырын ақтарды.

"Ажырасқан әйел ең сүйкімсіз әйел ме? Біз неге киімін, жүрісін, тұрысын әңгіме қыламыз? Ол ондай қадамға неге барды? Ол не үшін тағдырым деп қабылдаған адамнан бас тартты? Ол жағын ойлана бермейміз.

Шын мәнінде қаншама жыл бірге тұрып жатқанымен іштей ажырап кеткендер өте көп. Олар сүйгенін сырттан іздейді. Олар түсінде, қиялында басқа адаммен ғұмыр кешеді. Бірақ, бала үшін бірге тұрады, ағайыны үшін өтірік ролге енеді, құдасы үшін құрметін жоғалтпай жүргісі келеді. Осы өтіріктің бәрі не үшін керек? Ертең ұлың я қызың сенің тағдырыңды қайталау үшін бе?

Әкесінен көргенді ғана қайталайтын ұл болады. Анасы сияқты өзін құрбан ететін қыз болады. Болмайтынды болмайды деп қабылдауды үйрену керек. Айтуға тиісті сөздерді үнсіздікпен азаптамай айту керек! Әйел сүйсе соңына дейін барады.

Өбектейді, қорғайды, сенеді. Кейде ол бармаған тәуекелге барады. Армандайды, үмітін үзбейді. Анасындай қамқор, досындай адал, әпкесіндей жанашыр болады. Бірақ, бір күні жартысының қаптаған көзге шөп салулары оны жалықтырады.

Мұздай нәрсе көбейеді: суық құшақ, суық қабақ, суық үй! Ол қанша жылытқысы келсе де өзіне жау сияқты қарайтын жанардан жасқанады. Ол қанша тырысса да көрмейтін көзден жалығады. Оны өз үйінде еркелетіп өсірген еді, ал мұнда еркеліктің көлеңкесі де жоқ. Ханшайымнан күңге айналды. Ол жүкті жалғыз сүйреп шаршады.

Бұл осы одаққа кінәлі жалғыз адам болып қалды. Ерте үйленгені үшін, бәріне жауапты болғаны үшін ол мұны жазалады. Қылқындыру, үлкен заттарды қирату, бұған қарай лақтыру, шыны заттарды шағу, қабырғаға басын соғып ұру, бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Бұл ең үлкен азапты ең жақын адамынан көрді. Бұл ең үлкен өкінішті ең үлкен қуанышым деген адамнан көрді. Жылдар бойы өзі құраған мозайканы өзі бұзуға көнді. Онсыз өзін жоғалтып бара жатыр еді… Онсыз ауруы көбейіп, арманы таусылған еді. Өзін өзі қорғамаса ешкім қорғамайтынын ұғынды. Өзін өзі сүюге қадам басқан-ды…", - деп жазды әнші.