Азиада: Бүгін Астана мен Алматы қалаларында бірқатар спорт түрлерінен жарыстар өтеді


Атап айтқанда, Астанада конькимен жүгіру спортынан әйелдер 3000 метрге, ерлер 5000 метрге, шорт-тректен әйелдер 1500 метрге, ерлер 1500 метрге жарысады. Сонымен қатар елордада хоккейден ерлер командалары арасында кездесулер өтеді. Тайпей-Корея, Қытай-Жапония, БАӘ-Бахрейн, Моңғолия-Қырғызстан, Тайланд-Кувейт командалары өзара кездеседі.

Ал Алматыдағы "Шымбұлақ" тау шаңғысы базасында ерлердің жылдам құлдилауы және әйелдердің жылдам құлдилауы жарыстары өтеді. Бұған қоса "Табаған" спорттық-сауықтыру кешенінде фристайлдан іріктеу сыны өтіп, соңынан могулдан әйелдер және могулдан ерлер арасында сайыстар болады. Сондай-ақ Алматыдағы Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде биіктігі 125 (К-125) метр тұғырдан секіруден жекелей сын өтеді. Ал Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында хоккейден әйелдер командалары арасында өтетін жарыста Қытай-Корея және Қазақстан-Жапония құрамалары ойнайды. Солдат шатқалындағы Шаңғы-биатлон стадионында 1,2 шақырымдық спринттен әйелдер, ал 1,6 шақырымдық спринттен ерлер арасында жарыстар болады. Сонымен қатар осы стадионда әйелдер 7,5 шақырымдық спринттен сынға түседі. Бұған қоса шаңғымен бағдарлаудан ерлердің және әйелдердің спринт жарыстары өтеді.