Азиада өтетін барлық спорттық нысандар орналасқан орындар көрсетілген навигациялық карта іске қосылды

Нокиа компаниясының аймақтық өкілдігінің басшысы Карел Голубтың айтуынша, ұялы телефондарға орнатылатын тегін навигациялық қосымша жүргіншілерге немесе көлік жүргізушілеріне Азиаданың барлық негізгі спорттық нысандары орналасқан жерлерін көрсетіп отырады.

«Азиада өткізілетін спорттық кешендерден бөлек, бейненавигациялық карталарда қонақтар мен спортшылардың орналастырылған жерлері, Алматы мен Астана қалаларының спорттық емес орындары да көрініс табады», дейді «VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ-ның вице-президенті Евгений Никитинский.

Нокиа компаниясы осынау жобаны әлемнің 78 елінде қолға алған. Қазақстан жергілікті мекеннің картасы көрсетіліп отыратын мобильді навигациялық жүйеге қол жеткізіп отырған 79-шы ел. Айта кетерлігі, бұл қосымшада қазақ тілі енгізілген.

Бұдан басқа компания «Азиада» атты мобильді қосымшаны жасап шығарды. Карел Голубтың айтуынша, қолданушылар қосымша арқылы спорттық шаралардың кестесі, өтетін уақыты, жарыс қорытындылары туралы ең жылдам мағлұматтарды ала алады.