Азиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің мойындарына бірегей медальдардар тағылады

Өткен айда 7-нші Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті Атқарушы дирекциясының президенті Анатолі Құлназаров журналистерді жинап, Азия Олимпиадалық кеңесі 2011 жылғы Азиадаға дайындалған медальдардың эскиздерін мақұлдағанын айтып, сүйіншілеген болатын. Екі күннен кейін, 7-нші Қысқы Азия ойындарын және Алау эстафетасын өткізу жөніндегі Астаналық дирекция Бейбітшілік және келісім сарайында аталмыш медальдармен бірге, Алау эстафетасының алау құтысын (факел), тасымалданбалы оттық (колба) пен гүлшоғын көпшілікке таныстырған болатын.

7-нші Қысқы Азия ойындарын және Алау эстафетасын өткізу жөніндегі Астана қалалық дирекция басшысының орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, медальдарды Қазақстанның Монета сарайының дизайнерлері әзірлеуде және олар бұған дейінгі Олимпиада және Азия ойындарының наградаларына мүлдем ұқсамайтын болады. Медальдардың басты ерекшелігі ретінде оның кристалл тәрізді сыртқы пішінін айтуға болады.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, «медальдар дөңгелек болу керек» деген қалыптасқан стереотип Қысқы Азия ойындарының шежіресінде осы уақытқа дейін мүлдем бұзылмай келген екен. Қысқы Олимпиада қозғалысының 86 жылдық тарихының өзінде медальдар пішіндерін төрт-ақ рет өзгертіпті. Алғаш тапқырлық көрсеткен 1972 жылғы ойындарды ұйымдастырушы жапондықтар (Сапорро қаласы) болды. Бұл жаңашылдықты 12 жылдан кейін XIV Қысқы Олимпиада ойындарын өз алаңында қабылдаған Югославия (Сараево қаласы) қайталады. Бірақ бұл екі ел медальдардың қырын шығарып, пішіндерін өзгерткенімен, олардың мағынасы жете түсініксіз болды. Бұдан кейін жағдай өзгерді. Мәселен, 2002 жылғы Олимпиада ойындарын ұйымдастырушы американдықтар (Солт-Лейк-Сити қаласы) жеңімпаздарға олимпиаданың бес шеңберін бейнелейтін - жұмыр бесбұрышты медальдарды тақты. Ал Ванкувердегі (2010 жыл) медальдар Олимпиада тарихына ерекше дизайнымен ғана емес, сондай-ақ көлемі мен салмағы жағынан ең үлкен наградалар ретінде енді. Олардың әрқайсысы 500-ден 576 граммға дейін салмақ тартты.

«Қазақстандық Азиада медальдарының дизайны кристалл сынығы формасында жасалды. Бұл дизайн 7-нші Қысқы Азия ойындарының барлық фирмалық материалында қолданылды. Ойындарға дейін қанша күн қалғанын кері есептейтін табло да нақты осы кристалл тәрізді пішінде», - дейді С.Құранбек.

Монета сарайының дизайнерлері мен Ұйымдастыру комитеті қағаз бетіндегі алғашқы идеяларды материалдандыруға бір жыл уақыт жұмсады. Алғашқы эскиздерді Ұйымдастыру комитеті ұсынды. Жоба бойынша, медальдарға тау хрусталі ретінде криссталдар жабыстырылуы тиіс еді. Бірақ бұл нұсқалар Ұйымдастыру комитетінің де6 дизайнерлердің де көңілдерінен шықпады. Медальдарда металл мен тастарды бірдей қолдану тәжірибесі бұған дейін де қолданылғанымен, мониторда әдемі көрінген дизайн іс-жүзінде мүлдем басқаша сипатқа ие болды. Мысал үшін айта кетейік, металл мен тастарды үйлестіру комбинациясы Бейжіңдегі жазғы Олимпиаданың наградаларында пайдаланылды. Олар алтын медальдарға өте сирек кездесетін металл - нефритті қолданды. Бұл елде нефрит бағзы заманда алтыннан да қымбат бағаланған және оны тағу тек императорға ғана рұқсат етілді. Күміс медальдарға ақшыл-жасыл тастарды салса, қоласына - күңгірт-жасыл түстілерді пайдаланды.

Ал біздің таңдауымыз түскен тау хрусталі өзінің әйнектей мөлдірлігінен бағалы металдармен үйлеспей қалды. Сондықтан басқа ұсыныстарды іздестіруге тура келді. Өздерінің шеберлерінің кәсібилігіне мін келтірмейтін ҚР Монета сарайының дизайнерелері кез-келген қиындықтағы нұсқаларды қастыруға дайын болды. Бірақ наградалардың жаңа жобасы өздерін ұзақ күттірген жоқ. Жіберілген кемшіл тұстар ескеріле отырып, жаңа үлгі дүниеге келді.

Медальдардың жасалу процессін өз көздерімен көріп қайтқан Астаналық дирекция өкілдерінің сөзіне қарағанда, процессті басынан аяғына дейін бақылау және оны есте сақтау - қиын, әрі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Зауыт - режіммен жұмыс істейтін нысан, мұнда құнды заттар өте көп, әрі өндірістің құпиялары да жеткілікті. Сол себепті, Монета сарайына не болмаса, оның аумағында орналасқан Үлбі комбинатына кіру кезінде қалтаңыздан металл заттарды шығаруға ұмытып кетсеңіз, металдетекторы «АВВА» тобының «Money, Money»... әнін шырқап қоя беретін көрінеді.

Шеберлердің жұмысына келсек, алдымен наградалар соғылатын инструмент дайындалды, яғни 11 келі кесек металл жолақ етіп жайылып, әзірлеме ойып алынды. Болашақ медаль 720 градус температурада жандырылып, серпінді және тотығу қабықшасы болмас үшін азотпен суытылды. Одан кейін кристалдың қырлары шығарылып, медальға айна тәріздес рең беру үшін ол тағы да отқа қақталды. Келесі кезең салқын штампылау және шырпу. Бірнеше тонналық күштің соққысы арқылы сурет бедерлері медалға түсірілді. Оның оң жақ бетіне ойындардың Астана мен Алматы қалаларында өтетіндігін айшықтайтын таңбалар мен жазулар, ал шеткі қырларына ұлттық ою-өрнектер соғып басылды. Осы жазуларды медальдың жібек асқышында да көруге болады. Бұдан кейін медалді теңдестіріп тұратын лентаға қыстырмалар тағылды. Соңғы пішін беру үшін фрезамен өңделіп, түсті эмальмен көмкерілді. Үш құндылықтағы медальдардың алғашқы үлгілерін жасап шығаруға барлығы үш ай уақыт жұмсалды. Нәтижесінде қиын әрі көп еңбекті қажет еткен медальдарымыз көз жауын аларлықтай тартымды және есте қаларлықтай болып шықты.

Басты награда - «алтын медаль» 925 сынамалы күмістен жасалып, 0,4 грамм алтынмен жалатылды. Жалпы салмағы - 340 грамм. «Күміс медаль» - таза күмістен құйылды, салмағы сондай-ақ - 340 грамм. Ал үшінші құндылықтағы награда қышқылдандырылған жезден жасалды, салмағы - 520 грамм. Естеріңізге сала кетейік, қандай жарыстар болмасын «алтын медаль», көпшілікте қалыптасқан қате ұғым бойынша алтыннан жасалмайды. Оны тек солай атайды. Шынтуайтында, барлық ойындарда «алтын медаль» күмістен жасалып, алтын пленкамен қапталады. Ал екінші құндылықтағы наградалар шынымен де күміс. Үшінші орын үшін берілетін медальдардың да қоламен еш байланысы жоқ. Яғни медальдардың түстері олардың атауларына сәйкес етіп жасалады - сары, ақ және қызғылт-сары. Бірақ нагдалардың құндылықтары оларда пайдаланылатын металлдардың бағасына қатысы жоқ.

Монета сарайы 7-нші Қысқы Азия ойындары үшін медальдардың барлығы 69 жиынтығын әзірлейтін болады. Олар 2011 жылғы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Алматы және Астана қалаларында өтетін ойындар барысында сарапқа салынады. Ойындар спорттың 11 түрі бойынша өтеді - конькимен жүгіру, шайбалы хоккей (ерлер және әйелдер арасында), мәнерлер сырғанау, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл, допты хоккей бойынша жарыстар (бенди), таудағы шаңғы спорты, шаңғы жарысы, биатлон, шаңғымен қысқы спорттық бағдарлау және шорт-трек. Айта кетейік, спорттың 11 түрінен жарыстар бізге дейін бір-ақ рет ұйымдастырылды - Жапонияның Аомори қаласында өткен 5-нші Қысқы Азия ойындарында. Қазақстан, сондай-ақ өз алаңында Азияның 45 елінің спортшыларын қабылдағалы отырған екінші мемлекет. І, ІІ ойындарды өткізген Жапония сәйкесінше 7 және 10 елді, Қытай (ІІІ) - 16, Корей (IV) - 21, Жапония (V) - 17, Қытай (VI) - 45 елді қабылдады. Қысқы Азия ойындарының тарихында отандық спортшыларымыз әр жылдары барлығы 37 - алтын, 30 - күміс және 27 - қола награда жеңіп алды. Бұл жолғы бәсекеде де спортшыларымыз лайықты өнер көрсетіп, қазақстандықтардың келелі үміттерін ақтайды деген сенімдеміз.

Гүлшоғы

Гүлшоқтары туралы айтатын болсақ, олардың негізіне Қазақстанның оңтүстігінде өсетін қызғалдақ гүлдері алынды. «Тюльпан» терминінің түбірі шығыстың гүлшоғына ұқсас бас киімін білдіретін - «тюрбан» сөзінен шыққан. Қызғалдақ гүлі - тәкәппарлық пен махаббаттың символы. Гүлдерге тәнті болған ежелгі сәулетшілер оны ою-өрнектер мен түрлі-түсті суреттер негізінде Қожа Ахмед Яссауи мен Айша-Бибі кесенелерінің қабырғаларына салған.

«Халықаралық олимпиада комитетінің хаттамасына сәйкес, гүлшоғы ұзындығы - 30 см, диаметрі - 25 см параметрлерін сақтай отырып, Ойындарды қабылдайтын елде өсетін гүлдерден жасалуы тиіс. Онымен бірмезгілде гүлдер төменгі температураларға төзімді болуы керек. Гүлшоқтарына қойылған тағы бір маңызды талап - олардың палитрасы 7-нші Қысқы Азия ойындарының түстік символикасын (жасыл, көк, қызғылтсары және күлгін) толығымен жеткізуі қажет», - дейді С.Құранбек.

Оның айтуынша, осы талаптар ескеріліп, гүлшоғында басым акцентке ие болған - қызғалдақтардың қызғылтсары түстегі ханшайым сорты таңдап алынды. Оның жанына Қазақстанның әлемнің ірі астық экспорттаушысы екендігін білдіретін, сондай-ақ атам заманнан ауқаттылық пен молшылықтың белгісі болып табылатын - бидайдың сабағы, аспидистра өсімдігінің жасыл жапырақтары, қарапайым да ғажайып күлгін түсті сентябрина гүлдері қосылды. Пирамида пішініне ұқсас шыққан гүлшоғы Азия ойындарының логотипі жазылған ақ лентамен буылды.

Гүлшоқтары марапаттау салтанатында спортшыларға медальдармен бірге тапсырылады. Дәстүр бойынша спортшылар кейін гүлшоғын залда отырған көрермендерге лақтырады.