Азиаданы өткізуге арналған қосымша қаржы Қазақстан спортшылары Ванкуверде жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда ғана бөлінеді - премьер

"Сіздер Ванкуверден еліміздің құрамасын үлкен нәтижелермен әкеледі деп үміттенеміз. Егер сіздер медаль әкеле алсаңыздар, онда мен сіз айтқан ұсыныстарды қолдаймын",- деді үкімет басшысы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовқа қаратып айтқан сөзінде.

Бұның алдында алқа мәжілісінде министр үкімет басшысынан Қысқы Азия ойындарын өткізуге қосымша қаржы бөлуді сұраған болатын.

"Мен сізден, ұйымдастыру комитетінің төрағасы ретінде министрлікті қолдап, ағымдағы жылдың бюджетін нақтылаған кезде 13 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлуді сұраймын", - деді министр. Оның түсіндіруінше, қажетті қаржының жалпы көлемі 28 млрд теңгені құрайды, қазір оның тек 15 млрд теңгесі ғана бөлінгелі отыр.

Сондай-ақ, мекеме басшысы "әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында медаль жеңіп алғаны үшін төленетін бір реттік сыйақы мөлшерін ұлғайту мәселесін қарастыруды" сұрады. "Қосымша шығындар көлемі 33,5 млн теңгені құрайды", -деп нақтылады ол.