Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Акрам Малик ҚР үкімет басшысының орынбасары әрі индустрия және сауда министрі Сауат Мыңбаевпен, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрінің орынбасары әрі Азия даму банкінің Қазақстан бойынша басқарушысының орынбасары Батырхан Исаевпен, ҚР қаржы министрніің орынбасары Айдар Әріпхановпен, қазақстандық даму институттарының директорларымен, ҚР парламентінің сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевпен кездесіп, Азия даму банкімен ұзақ мерзімді әріптестікті нығайту бағытындағы Қазақстанның стратегиялық іс-қызметінің қыр-сырлары бойынша пікір алмасты.
"Қазақстан шикізатты экономиканы диверсификациялау жөніндегі стратегиясы бар, даму перспективасы үлкен ел. Бүгінде қарқынды экономикалық өсім байқалып отырған Азия аймағындағы даму жөніндегі әріптес болып табылатын Азия даму банкі Қазақстанмен даму саласы бойынша басымдық берілген жобаларды жүзеге асыру бағытында ынтымақтаса алады. Бұл орайда Азия даму банкі жинақтаған тәжірибелері мен білімдері негізінде өз өнімдері мен қызмет түрлерін ұсына алады",- деді ол Астанада.
"Қазақстанның дамуында жеке меншік секторға берілген маңызды ескеру негізінде Азия даму банкінің жеке меншік сектордағы операциялары Қазақстанның дамуына қатысты мақсаттарды шешуде біртұтас көзқарасты қамтамасыз ете алады",- деді А.Малик.
Алматыда А.Малик ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Асқар Елемесовпен және республиканың қаржы секторының өкілдерімен жүздесті.
"Орталық Азия аймағындағы Қазақстанның көшбасшылық ролін ескеру негізінде қаржы саласы бойынша Азия даму банкімен арадағы ынтымақтастық аясын кеңейту мен институционалдық тұрғыда нығайту жалпы аймақ көлеміндегі өсімге қолайлы ықпалын тигізеді",- деді Г.Малик. Сондай-ақ ол шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөніндегі ұйымдардың жетекшілерімен кездесіп, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау саласы бойынша Азия даму банкімен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылады.
Азия даму банкінің іс-қызметі кедейлердің мүддесіне сәйкес тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу және тиімді басқару жүйесінің көмегімен әлеуметтік дамуды қамтамасыз ету арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағында кедейлікті азайтуға бағытталған. Азия даму банкі 1966-жылы құрылған. Оның құрамына 63 ел енеді. Соның ішінде 45 мемлекет Азия -Тынық мұхиты аймағында орын тепкен. 2004-жылы Азия даму банкі 5,3 млрд. доллардың несиесін және 196,6 млн. доллардың техникалық көмегін бөлуге рұқсат берді.