"Қазақстанның жоғары лауазым иелерімен кездесуде Л.Джин Қазақстандағы экономикалық даму қарқынына таңданыс білдірді. Ол сонымен бірге үкіметтің экономиканы диверсификациялау және тұрақты әрі тепе-тең өсімге қол жеткізуге бағытталған талпыныстарын Азия даму банкі қолдайды деп атап көрсетті",- делінген банк хабарламасында.
"Азия Даму банкі тарапынан Қазақстандағы жеке меншік секторға жұмсайтын инвестиция көлемі қатып қалған тұрақты сан емес, ол рыноктағы әлеуетке қарай айқындалады",- деді Л.Джин. Оның айтуынша, республиканың жеке меншік секторындағы Азия Даму банкі операцияларының маңызды ерекшеліктерінің бірі - басқа инвесторлардың іс-шараларын толықтырып отыру арқылы анықталады. Келешегі бар ынтымақтастық салалары ретінде көлік, энергетика, қаржы және сауда-саттық салалары аталды.
Азия Даму банкінің вице-президенті сонымен бірге отандық ірі кәсіпкерлермен кездесіп, олармен Азия Даму банкінің Қазақстанның жеке меншік секторындағы іс-қызметі туралы пікір алмасты. Соның ішінде Алматыны аймақтық қаржылық орталыққа айналдыру мәселесі сарапқа салынды.
Л.Джин қаржылық сектордың дамуын қолдау мақсатындағы техникалық көмекке арналған ағымдағы және болашақ гранттық жобалар туралы таныстырды. Ондағы мақсат - жеке меншік секторға инвестиция жұмсауға түрткі болатын құқықтық-нормативтік базаны нығайту болып табылады.
Қазақстан Азия Даму банкіне 1994-жылдан бері мүше. Банктің елімізге бағышталған стратегиясы мен бағдарламалары Қазақстанның мыңжылдықтар тоғысында адами ресурстар мен жеке меншік секторды дамыту, қоршаған ортаны тұрақты басқару және аймақтық ынтымақтастық негізінде БҰҰ алға қойған мақсаттар мен міндеттерге жетуді көздейтін күш-жігерін қолдайды.
2005-жылғы наурыз айындағы жағдаймен Азия Даму банкі 9 жобаны жүзеге асыруға арналған, жалпы құны 502 млн. долларды құрайтын 12 несие беріп, жалпы құны 27,9 млн. долларды құрайтын 56 техникалық көмек грантын бөлді. 2004-жылы Азия даму банкі 4 техникалық көмекке 1,7 млн. доллар бөлуді мақұлдады.