Көрмеге қойылған экспонаттар арқылы алматылықтар мен қала қонақтары қазақ спортының түрлерімен танысып, КСРО мен тәуелсіз Қазақстанның атақты спортшыларының есімдерін естеріне түсіре алады. Мұражай қорынан ел мақтанышы Абай Құнанбаевтың тоғыз құмалақ ойыны, белгілі боксшы Серік Қонақбаевтың былғары қолғаптары мен кубоктары, Дәулет Тұрлыхановтың медальдары және басқа да экспонаттар қойылған. Көрме залында «2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарына», қысқы спорт түрлеріне ерекше орын берілген.
Аталмыш көрме 2011 жылдың 25 қаңтарына дейін жалғасатын болады.
Көрменің ашылу барысында Азия ойындарына қатысушыларға спорттық киім тігуімен айналысатын ZIBRO (Fashion) компаниясының киім үлгілері көрсетілді. Киімдерді ел спортының ардагерлері - Ольга Шишигина, Андрей Вервейкин, Ислам Байрамуков киіп шықты.
Жақында ZIBRO дизайнерлік ұжымы Ресей елінде бұл киім үлгілерін көрсетіп келді. Оған атақты ресейлік модельер Вячеслав Зайцев қатысты. Ресейліктер тікілген киімнің сапасы мен сәндік үлгіге жоғары баға беріп, «әлемдік деңгейдегі коллекция» деп атап өткен болатын.
Шара барысында Ахметжан Есімов Алматыда Азиада ойындарына дайындық белгіленген уақытқа сай жүріп жатқандығын әрі спорттық нысандардың барлығы дер кезінде дайын болатындығын атап өтті. «Қазірдің өзінде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Медеу» мұз айдыны дайын, бұларда қазақстандық спортшылар дайындық өткізуде. Шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені де дайын, мұнда таяуда Азия және Европа спортшыларының қатысуымен Континентальды Кубок өткізілді. «Шымбұлақтағы» жұмыстар да белгіленген кестеге сай жүруде. Мұнда қараша айының басында ұзындығы 4,6 км болатын гондольды жол салынбақ, бұл әлемдегі осындай екінші жол болмақ»,- деді қала басшысы.
Оның айтуынша, «Бұл мегаполис үшін өте пайдалы жоба, болашақта ол Алматыда туризм мен спорттың, экологиялық жағдайдың бұрынғыдан да жақсара түсуіне ықпал ететін болады және Азиаданың Қазақстан үшін тек спорттық қана емес, саяси да мәні бар. Алматы - қаржы, экономика, ғылым, білім, мәдениет орталығы, енді қаламызға келген шетелдік спортшылар мен туристер бізді бұрынғыдан да тереңірек танып, үлкен мегаполистің тарихымен, көрнекті орындарымен жақын танысатын болады. Ал, біз ел мәртебесінің бұрынғыдан да арта түсуіне күш жұмсайтын боламыз», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов.