Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында аталмыш ойындарды және Алау эстафетасын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.
Оның сөзіне қарағанда, 7 қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы барлық облыстарда екі кезеңмен өтеді. Мәселен, эстафета түскі сағат 12.00-де басталып, 13.30-да техникалық үзіліске тоқтатылады. Осы кезде өңірлердегі эстафета үшін арнайы әзірленген жылжымалы кіші қазандықтардың бірі жағылып, жергілікті халыққа суретке түсуге мүмкіндік беріледі. Сағат 15.00-де қайта басталатын эстафета 17.00-де өз мәресіне жетіп, екінші қазандық жағылады. Бұл тарихи сәттерді одан сайын әсерлі және есте қаларлықтай ету үшін отандық эстрада жұлдыздардың қатысуымен үлкен гала-концерт ұйымдастырылады.
Ал 100 алаугердің қатысуымен Астана қаласында өтетін ең ұзақ эстафета (20 шақырым) үш кезеңнен тұрады. Мәселен, «Қазақ елі» монументінен 12.00-де бастау алған эстафета елорданың орталық көшелерімен жүре отырып, сағат 13.30-де Мемлекеттік рәміздер алаңына келіп тоқтайды. Техникалық үзілістен кейін 15 сағат 30 минутта Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңнан Алау эстафетасының екінші кезеңі басталады. Алаугерлер Абай, Республика даңғылдарымен жүгіре отырып, Есіл өзеніне қарай түседі. Дирекция өкілінің айтуынша, осы кезде креативтік шоу қойылымдар ұйымдастыру көзделіп отыр. «Алаугерлер Есілдің үстімен шаңғымен, не болмаса автораллимен өтуі мүмкін, тіпті «морждарды» суға түсіреміз бе деген де ойлар бар», - дейді ол.
Осылайша, қолдан жасалған қиындықтар мен кедергілерді еңсере отырып алаугерлер мен ілесуші топ сағат 17.00-де «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық кешеніне келеді. Осында эстафетаның екінші кезеңі тәмамдалады. Ұйымдастырушылар осы кешеннен қайта басталып, «Астана-Арена» стадионына дейінгі эстафетаның үшінші кезеңінің бағытын алаугерлердің қауіпсіздігі мақсатында қатаң құпияда ұстап отыр.
Эстафетаның үшінші кезеңі барысында, яғни сағат 18.00-де «Астана-Арена» стадионында 7 қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты басталады. Шара бағдарламасы алдын ала есептеулер бойынша сағат 20.40-қа дейін жалғасуы тиіс. Дәл осы уақытта эстафетаның үшінші кезеңін аяқтайтын алаугер стадионға жетіп, Қазақстандағы Ақ Азиаданың басты қазандығын жағуы тиіс. Басты қазандықты жағу құрметі кімге сеніп тапсырылатындығы да үлкен құпия.