Азия ойындарының олимпиадалық емес спорт түрлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, спорт мүгедектеріне сыйақылар тағайындалуы мүмкін

Бүгін Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Т.Досмұхамбетов 2010 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндай келе, шешімін таппай отырған бірқатар мәселелерге де тоқталды.

«Мәселен, олар - Щучинск қаласындағы республикалық шаңғы базасы құрылысының аяқталуы, Астана мен Алматы қалаларындағы Олимпиадалық даярлау орталықтары мен спорт ғылыми-зерттеу институтын құру мәселелері. Аталмыш нысандар бойынша бюджеттік ұсынымдарымыз республикалық бюджеттік комиссияның қолдауына ие болмады. Онымен бірге, Азия ойындарының олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және спорт мүгедектеріне сыйақылар тағайындауды ұсынамын», - деді министр.

Т.Досмұхамбетов Үкімет басшысынан елде дене шынықтыру, спорт және туризмді дамытуға қосар үлесі зор күрмеуі күрделі бұл мәселелердің жақын уақытта шешімін табуына қолұшын беруді сұрады.