Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының іс-қызметі келешекте Азия кеңістігіндегі басты қауіпсіздік ұйымы ретінде қарастырылуы мүмкін - Назарбаев

"Кеңестің бұған дейін өткен екі саммиті Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымын Азия құрылығында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің айрықша маңызды тетігі ретінде сипаттауға мүмкіндік береді. Кеңестің жалпықұрлықтық ықпалдастық құрылымы мен тұғырнамасы ретіндегі табысты іс-қызметі оны ұзақ мерзімді перспективада Азия кеңістігіндегі басты қауіпсіздік ұйымы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді",- деп мәлімдеді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, "қазір Азия құрлығында шиеленіс потенциалы жоғары". Осыған байланысты Қазақстан президенті халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН) мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының маңызына айрықша тоқталды.

Н.Назарбаев Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының Азия аумағының 90 процентін иемденетін 18 мемлекетті біріктіретінін, осы елдердің халқы жалпы Жер бетіндегі халықтың тең жартысын құрайтынын, тағы 9 ел мен халықаралық ұйымдардың бақылаушылық жасап отырғанын атап өтті.

"Менің пайымдауымша, біз Азиядағы тауқыметтерді өзара диалог пен кездесулердің көмегімен шеше аламыз. Осы тұрғыда Қазақстанның АСЕАН-ның қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумына (РФА) мүшелікке өту жөніндегі өтінішінің оң шешілуі аймақаралық ынтымақтастықта жаңа перспективаларды ашады. Қазақстанның қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумына мүше болуы РФА- ЕҚЫҰ- АӨЫСШКҰ қамтитын Еуразиялық қауіпсіздік белдігін құруға қолайлы жағдайлар жасайды",- деді президент.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті