Әз-Наурызды бастаған Елбасы жұртпен бірге ән айтып, би биледі

Биыл Астананың Наурыз мейрамына дайындығы ерекше. Міне, сахна сыртындағы әртістер де соңғы әзірлігін жасап жатыр. «Қазақ елі» монуметі алдындағы алаңға ертерек келуге тырысқан жұрттың қарасы бүгін тіпті көп. Арнайы төселген кілем үстімен депутаттар, министрлер де келеді. Кейбірі тіпті алдын ала орын алып жайғасып үлгерген. Өйткені, еліміздегі бұл ең үлкен алаңға бүгін Елбасы да келіп барша жұртты ұлық мерекесімен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізбен бірге 30 мемлекеттің 300 млннан астам азамттары осы мерекені атап өтіп жатыр. Көріп отырсыздар ғой бұрын 3 күн тойлаушы едік, енді 5 күн тойлаймыз. Сондықтан осының бәрі қуаныш, осы кезде ағайын бір-бірімен қауышып, бір-бірімен көрісіп, ренжіскен болса кешірім сұрап, кемтарларға көмектесіп, жағдайын сұрап тілек тілейік. Сол тілегіміздің бәрі қабыл болсын! Мереке құтты болсын!

Елбасы жұртты тек мейраммен құттықтап қойған жоқ, әлемде болып жатқан мәселелерді де меңзеді. Дүниежүзінде жыл сайын 30-ға жуық әскери шиелініс болатынын, онда мыңдаған адам қаза табатынын, 800 миллион адам тойып тамақ ішпейтінін айтты. Сондықтан барды бағалау, татулықты дәріптеу барша қазақстандықтың міндеті. Құттықтау соңында президент Наурыз көжеден дәм татып, жұртпен бірге биледі, ән салды.

Еліміз Наурызды жыл сайын кең көлемде өткізіп келеді. Міне, бүгін де 40 киіз үй тігілген. Наурыз көже мен бауырсақ та аста-төк. Мына кең дастарханды «елордалықтар дәм татсын» деп Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері жайыпты. Құрт, ірімшік, асылған ет, ал негізгі тағам – наурыз көже.


Сәуле Байтенова, Солтүстік Қазақстан облыстық мұражайдың қызметкері:

- Елбасы біздің дастарханға кірмеді, бірақ біздің шаңырағымдың, босағамызға қарсы келді. Біз ол кісіні қарсы алдық. «Аластау» деген ежелгі түркіден қазаққа мұра болып қалған дәстүрмен қарсы алдық.

Биыл Астана тұрғындары мен қонақтары үшін Наурыз мейрамы тіпті ерекеше. Өйткені, әдетте бұлыңғыр тартатын күн де шуаған шашып, жұрттың емін-еркін суретке түсуіне, ат үстінде серуендеуіне қолайлы болды.

Жұмағат Алпысбайұлы, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Наурыз жылдан жылға ұлы боп келеді. Әуелден қазаққа берген осыдан айырмасын.

Наурыз мерекесі бір күнмен ғана шектелмейді. Күн мен түннің теңесіп, жаңаратын кезі - 22 наурыз болғандықтан, ел-жұрт ертеңгі күнді асыға күтіп жүр. Еліміздің барлық өңірінде концерттік бағдарламалар, түрлі спорттық шаралар әлі бірнеше күн жалғасын таппақ.