Таңғы төртке қарай тұтанған өрт жарты тәуліктей түтіннен көз аштырмапты. Тілсіз жау бірер сағатта 2 мың шаршы метрге жуық жерді шарпыған. Салдарынан іші азық-түлікке, киім-кешек пен тұрмыстық техникаға толы 100 дүңгіршек жанып кетті. Бұған саудагерлер сауда орны әкімшілігін кінәлауда.
Игілімхан Салтанат, саудагер:
- 3-4 миллионның киімі жанып кетті. Бұған базар әкімшілігі кінәлі.Өрт қауіпсіздігі деген түсінік оларда мүлдем жоқ.
Тауарын тасымақ түгілі, маңайына жолай алмаған сатушылар оқиғаны бастан-аяқ бақылаған. Құтқарушылардың жайбасарлығын айтып қатты қынжылып отыр барлығы.
Ботагөз Әбубәкірова, саудагер:
-Таңертең бесте маған қоңырау шалды. Келсем 3 өрт сөндіруші көлік тұр. Біреуінде су жоқ. Барып су алып келді. Сөйтіп жүргенде өрт жайылып кетті.
Ал 12 техника тартылып елуден астам адам өртті сөндірді деген төтенше жағдай басқармасы қазір өрттің шығу себептерін анықтауда. Атқамінерлер болса, жапа шеккендерді жаңа сауда нүктелерімен қамтамасыз етеміз деп сендіріп отыр. Тек, шығынды кім өтейтіні әзірге белгісіз.
Болат Бақауов, Ақсу қаласының әкімі:
-Міндетті түрде біз қазір көреміз. Не себептен жанғанын анықтайық. Сауда үйінің иесі егер кінәлі болса, міндетті түрде жауапқа тартылады.
Сабылған саудагерлердің мұңын тыңдауға құлық танытпаған базар қожайыны мүлде төбе көрсеткен жоқ. Ал, қала әкімінің жағдайды тұрақтандырамыз деген сөзі берекесі кетіп тұрған сатушылардың күпті көңілін орнына түсіре алмады.
- Жаппай банктен миллиондап несие алғанбыз. Кім өтейді оны?