Азық-түлік бағасы таяуда тағы қымбаттай ма?: Белгілі экономист еліміздегі тамақ бағасына қатысты болжамдарымен бөлісті

Оның айтуынша, Үкімет бүгінге дейін азық-түлік бағасының қымбаттауының себептерімен емес, салдарымен күресіп келген.

Экономисттің сөзінше, Үкімет әу бастан бұл салаға уақтылы араласуы керек еді.

«Жазғы мезгілде азық-түліктің бағасы дәстүрлі түрде тұрақтайтын кезеңі. Бізде Үкімет азық-түлік бағасы саясатына қай кезде араласу керек, қай кезде араласпау керек, соны білмейді. Сол мәселе ең маңыздысы. Бізде Үкімет көбінесе осы уақытқа дейін себеппен емес, салдарымен күресіп келді. Сондықтан бағалардың тұрақсыздығы ұлғаймаса кеміген жоқ. Үкімет қай уақытта экономикаға араласуы қажет? Ол ең бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы мамандарының жағдайларын жасау үшін араласуы керек. Көп жерде суармалы жерлер тарылып жатыр, нәтижесінде шөлге төтеп беретін тұқымды жеткізу, сол арқылы көмектесу. Сосын мысалы техниканы жеңілдетілген несиемен жеткізіп беру. Егер жылыжайлар болса, оларды тамшылап суару мәселесін шешу, газ жеткізіп беру. Осылардың бәрінде Үкіметтің араласуы қажет. Сол кезде біз белгілі бір дәрежеде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін сақтаймыз, шыққан өнімдердің өзіндік құны әлдеқайда төмен болады», - деді ол.

Сонымен бірге ол тауарды нарыққа жеткізу тетіктері қолға алынуы керек екенін атап өтті.

«Одан кейін бізге тауарды нарыққа жеткізу тетіктері керек. Логистикалық тізбектері, арада бізде өте көп делдалдар бар, арада «келіссөздер» орын алады. Осы жерде Үкімет араласуы керек. Кей жерлерде монополия бар, яғни бір ғана сатушы үстемдік жасайды. Міне осы кезде Үкімет араласуы керек. Қалған жағдайлардың бәрінде Үкімет бақылаушы болуы керек. Осындай инфрақұрылымдық жағдайды жасап беруге ұмтылу керек, яғни шаруаның маңдай терімен тапқан өнімді дүкен сөрелеріне дейін тиімді жеткізудің тетіктерін ойлау керек. Осы кезде ғана тауар бағасы шарықтамайды. Осы тұста нақты тоқталып кететін тағы бір мәселе бар. Ол халықтың табысы. Бізде халықтың табысы шынын айту керек, өсіп жатқан жоқ. Номиналды түрде орташа табыс 336 мың теңгеге көтерілді және біздің шенділер соны халықтың табысы ұлғайып жатыр деп көрсетеді. Бірақ оның халыққа еш қатысы жоқ, мысалы бір адам 1 млн алуы мүмкін, басқа адам 2 млн алуы мүмкін. Ал бір адамдар 50-100 мың теңге табыс алуы ықтимал. Міне соның бәрін қосады да, қазір еліміз бойынша орташа табыс 336 мың теңге дейді.

Оны не үшін қолдану керек? Әлемдік тәжірибеде осы орташа жалақының үштен бір бөлігін ең төменгі жалақы ретінде бекіту керек. Демек біздегідей 70 мың теңге емес, 112 мың теңге болу керек дегенді айғақтатады. Қайта орташа арифметикалық жалақы өсе берсін, оның халыққа түк қатысы жоқ қой? Ертең 600 мың теңге болса, біз ең төменгі жалақы 200 мың теңге болсын деп талап қоя аламыз. Міне осындай озық тәжірибені біз елімізде енгізуіміз керек. Халықтың табысын арттыру қазіргі күндегі ең маңызды мәселе. Өйткені бізде ЖІӨ өсіп жатыр, Үкімет экономикада белгілі бір дәрежеде өсім бар деп есеп береді. Онда неге біздің халық кедей? Халықтың табысы да ұлғаюы керек қой? Міне осы мәселе артта қалып отыр», - деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге ол не себепті халықтың табысы неғұрлым төмендеген сайын, азық-түлік шығыны артады деген болжамды түсіндіріп өтті.

«Неміс ғалымы Энгельдің заңы бар, халықтың табысы неғұрлым төмендеген сайын, азық-түлік шығыны артады деген. Осыдан екі жыл бұрын, Covid-тің кезінде халықтың азық-түлікке кететін шығыны 53 пайызды құраған. Өткен жылы да ол 61 пайызға жеткен. Биыл міне соңғы деректерде ол 70 пайызға дейін жетті деп айтуда. Демек бізде әрбір орташа отбасы табысының 70 пайызын азық-түлікке жұмсап жатыр деген сөз. Осы тұрғыдағы статистикада біз әлем бойынша ондыққа кіреді екенбіз, яғни азық-түлікке ең көп шығын жұмсайтын елдердің қатарындамыз.

Жалпы Орта Азияда біздің ЖІӨ күшті, 100 трлн теңгеден асып жатыр деп көрсетуіміз мүмкін. Бірақ ішіне үңілсек, халық кедей елдердің қатарында тұр. Африка елдерімен қатар тұрмыз, бұл ащы шындық. Осы мәселені Үкімет мойындау керек. Халық ашынып, іштегі проблемасын кімге айтарын білмейді. Міне осындай кезде Үкімет пен халықтың арасында көпір, коммуникация керек. Осы процесстерге көңіл бөлінбей тұрғаны өкінішті, осындай нәрселерге баса мән беру керек деп ойлаймын. Яғни халықтың табысын, елдің өмір сүру сапасын арттыруға көңіл бөлінуі керек», - деп сөзін қорытындылады ол.