Биыл 1 АЕК - 4 325 теңге болғандықтан, осы сомадан төмен дәрілердің бір бөлігі енді нарықтық қағидатпен бағаланады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын кезең-кезеңімен ырықтандыруды көздеп отыр. Нәтижесінде 1200-ден астам дәрілік заттың бағасы нарықтық тетіктердің негізінде қалыптастырылатын болады.
Дәрілердің бағасын кім белгілейді?
Мемлекеттік баға реттеуінен шығарылған дәрілердің құны бұдан былай сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Яғни дәріханалар мен нарыққа қатысушылар мұндай препараттардың бағасын өздері белгілей алады.
Министрлік бұл шешімнің мақсаты дәрі-дәрмек нарығындағы бәсекелестікті дамыту, препараттардың ассортиментін кеңейту және халық үшін дәрілердің қолжетімділігін арттыру екенін атап өтті.
Бұл ретте барлық дәрі-дәрмектің бағасы еркін жіберілмейді. Мемлекеттік реттеу халық үшін бағаның қолжетімділігін қосымша қорғау қажет болатын препараттарға шоғырландырылады.
Осыған байланысты мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілік заттардың саны 3039 позициядан 1827 позицияға дейін қысқарды.
Өзгерістер Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 4 қыркүйектегі №105 бұйрығымен дәрілік заттардың көтерме және бөлшек саудадағы бағасын реттеу тәртібіне енгізілген түзетулер негізінде жүзеге асырылады.
Бағаның негізсіз өсуіне қалай бақылау жасалады?
Бағаны реттеуден шығару дәрі-дәрмек нарығындағы бақылаудың тоқтатылуын білдірмейді.
Денсаулық сақтау министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп фармацевтикалық нарықтағы бағаны бақылау тетіктерін әзірлеп жатыр. Бұл үшін дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінің деректері де пайдаланылмақ.
Жүйе дәрілердің өндірушіден бастап сатылымға дейінгі қозғалысын бақылауға және олардың айналымының әр кезеңіндегі нақты бағаларды талдауға мүмкіндік береді. Осы арқылы бағаның негізсіз өсу белгілерін анықтау көзделіп отыр.
Міндетті таңбалау жүйесі іске қосылған 2024 жылғы шілдеден бері шамамен 1,1 млрд қаптама дәрілік зат осы жүйе арқылы өткен.
Дәріханада бағаға қатысты мәселе болса не істеу керек?
Егер дәрілік затқа белгіленген шекті бөлшек сауда бағасынан жоғары баға қойылғанын анықтасаңыз, DariKZ мобильді қосымшасы арқылы шағым жолдауға болады.
Ол үшін өтінішке:
Өтініштер Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жіберіледі.
Министрлік дәрі-дәрмек бағасын ырықтандыруды кезең-кезеңімен жалғастыра отырып, халық үшін дәрілердің баға жағынан қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша бақылау шаралары сақталатынын хабарлады.
Оқи отырыңыз:
Шекті бағадан бірнеше есе қымбат сату заңды ма? Дәріханаларды кім бақылайды?
Дәрі-дәрмектің мемлекет белгілеген шекті бағасын тексеру халық үшін нағыз квестке айналды
Жеке дәріханалар да заңға бағынады: Қандай дәрі-дәрмек шекті бағамен сатылады?