Баянауылда өрт өршіді: Бір құтқарушы қаза тапты

Өрт 6 қазан күні таңертең Қоянды ауылынан 18 шақырым жерде шыққан, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қарағанды облысының аумағында басталған дала өрті Павлодар облысының аумағындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағынан басталды. Асайын Байханов Баянауылда өрт болған орынға барды. Желтау ауылында жедел штаб құрылды.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына барлық қажетті күштер мен техникалар тартылды. Жылдамдығы секундына 12-15 метрге дейінгі қатты екпінді жел мен биік өскен шөп жағдайды қиындатуда.

"Кеше шұғыл түрде дала өртінің Қарағанды облысынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен Баянауыл ауданына бардым. Өрт шалған жердің аумағы шамамен 6 мың га құрайды. Жағдай қалың өскен шөптердің және 12-15 м/с екпінді желдің салдарынан күрделенуде. Өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысын өткіздім. Тілсіз жаумен күресуге барлық қажетті күштер тартылды: 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта өрт оқшауланды, өртті жою жалғасуда. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі - шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан, барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын", - деді өңір басшысы.

Баянауылдағы өртпен күресуге түнде Астана мен Абай облысынан өрт сөндірушілер мен әскер көмекке келді. Тілсіз жау бой берер емес.

Қарқаралы жағынан бастау алған өртте бір өрт сөндіруші қаза тауып, күйік шалған үш құтқарушы ауруханаға жеткізілген. Қатты желдің салдарынан от құрсауынан шыға алмай қалған. Қаза тапқан 1991 жылы туған сержант Хали Хайрат азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды.