бай атындағы МАОБТ елорда көрермендеріне «Қызыл Жизель» балетін ұсынады

Әйгілі өнер ордасы елорда көрермендеріне  көрнекті петерборлық хореограф Борис Эйфманның «Қызыл Жизель» балетін ұсынады, деп хабарлады «Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен.

Борис Эйфманның терең сезімге бөлеп, өзіне тәнті етпейтін спектаклі жоқ десек, артық айтқандық болмас. Солардың бірі «Қызыл Жизель» балеті. Аталған балеттің сюжеті 1923 жылы Ресейден қашып, біраз уақыт бойы Париждегі Гранд Опера сахнасында биімен жарқырап, кейін есінен адасуының салдарынан ұзақ жылдарын Американың психиатриялық емханасында өткізген орыстың ұлы балеринасы Ольга Спесивцеваның трагедиясын баяндайды. Ол 1991 жылы қарттар үйінде көз жұмды. 

 Балет тілімен жеткізілетін биші өмірінің тарихы шынымен де жүректі қозғайды. Спектакльде революция кезіндегі Петроград картинасы мен сахнасында Балерина билеген алтындай жарқылдаған көрермен залының картинасы қатар жүреді. Нәзік балет перизаты өзіне ынтық болған Чекистің құрсауына еріксіз ілігіп, көп ұзамай ол бишінің өмірін ойран етеді. Жазықсыз жан тура спектакль кезінде есінен адасып, айналасына оны мазақ еткен қорқынышты адамдар қаптайды. Ол емханаға түскенде де сол азаптан арылмайды: қолды матаған жейде кейіпкердің санасында қызыл туға айналады. Құтылудың бар амалы есінен адасу боп көрінген Балеринаның жаны мәңгіге қамалып, «айнаның арғы жағындағы» жалт-жұлт еткен әлемге кете барады.   

 Хореографиясы ерекше мәнерлі, режиссердің шексіз қиялы, сахналық шығарылымы да тамаша спектакль қойылған сайын табынушылар қатарын көбейтуде.


 Балеринаның басты партиясында – Айнұр Әбілғазина, Азамат Асқаров Чекистің партиясын орындайды, Нұрлан Байбосынов Мұғалімді билесе, Фархат Буриев – Серіктес, Достың ролін ойнайтын Руслан Қадіров.

 Қоюшы балетмейстері – Борис Эйфман, Ресейдің Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтар иегері (Санкт-Петербор), музыкасыП. Чайковский, А. Шнитке, Ж. Бизе, қоюшы суретшісі – Мартинс Вилькарсис (Рига), костюм жөніндегі суретшісі – Вячеслав Окунев, Ресейдің халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтар иегері (Санкт-Петербор), балетмейстер ассистенттері – Алина Солонская, Сергей Зимин (Санкт-Петербор), балеттік труппаның жетекшісі – Гүлжан Тұтқыбаева, ҚР Халық әртісі.

 Екі актіден тұратын балет 19:00 басталады.