–Селден кейінгі өзен бойындағы үйлердің кескіні дәл осылайша өзгерген. Жұрттың жылдар бойы жиған-тергені әп сәтте-ақ лай сумен шайылып кетіпті. Ал әсем тастармен көмкеріліп жасалған өзен арнасы алып тастарға толып қалған. Сондықтан енді су жұрттың ауласымен ағып жатыр.
Жайлаубек Ноғаевтің осылай үйіне қарап қынжылғаннан басқа лажы жоқ. Жертөлесі суға толып, ауладағы дүниені су ағызып әкетіпті. Қайта көрші-қолаң бір-біріне хабар беріп, аман қалған.
Жайлаубай Ноғаев, Қарағайлы ауылының тұрғыны:
– Көршілер бір-бірімізге хабар беріп, үйіміздегі барымызбен барлығымыз тура қаштық. Енді көріп тұрсыздар аққан судың барлығы менің үйіме келіп тіреліп, екіге бөлініп жатыр. Осыған дейін бірнеше сел болған, бірақ мынандайды бірінші рет көріп тұрмыз.
Сел көліктерді де бұйым көрмей, ағызып әкетіпті. Терезеге дейін көтерілген су әйнекті сындырып, ішке кірген. Апат орнын тікұшақпен аралап шыққан Ахметжан Есімов бүгін қалада төтенше жағдай жариялады. Ал оның салдарын жюға қордағы 679 млн-ға қосымша 2 миллиард теңге бөлінген. Бірақ бұл қаржы зардап шеккендердің барлығына бірдей берілмейді екен.
Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:
-Негізінен талапқа сай тұрғызылмаған үйлер баршылық. Оның үстіне қираған көлік пен баспана сақтандырылуы тиіс. Дегенмен әр отбасыға бір реттік жәрдем берілетіні сөзсіз.Ешкімді көмексіз қалдырмаймыз.
Апат орнына вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен демалыста жүрген елдің бас құтқарушысы Владимир Божко да келді. Екеуі бірнеше үйді қарап шыққанымен, түс ауа жеткен шенеуніктерге тұрғындардың көңілі толған жоқ.
-Ұят қой енді айқайламаңыз.
-Қалай ұят? Сағат қаншада келдіңіздер енді жәрдемге?
-Жарайды енді.
-Ертең келе салмадыңыздар ма?
Қазір апат орнына төтенше қызметтің техникалық күші түгел жұмылдырылған. Олар көшелер мен өзен арнасын тастан тазартуға кірісті. Ең бастысы – бөгет бүлінбеген. Сондықтан шенеуніктер жұртқа алаңдауға негіз жоқ дейді.
Бердiбек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
- Қазіргі таңда барлығы тұрақты. Ешқандай қорқатын жағдай жоқ. Біз жаңа Чапаев елді-мекенінің тұрғындарымен кездестік. Ол кісілерге түсіндіріп айттық. Қазіргі таңда қосымша келетін су жоқ. Қазір осы жерде 1200 ге жуық адамдар жұмыс істеп жатыр, 160-тай техника.
Жұрт алдын ала хабарлама таратпаған Төтенше жағдайлар қызметіне де наразы. Әншейінде толастамайтын СМС-тер бұл күні сап тыйылыпты. Комитет басшылары мұны ұялы байланыс операторларынан көріп отыр.
Серік Әубәкіров, ІІМ Төтенше жағдай комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
-Біз бірінші хабарды таңғы сағат 4:39-да тарату жайлы өтініш жасадық. Екіншісі 5:13-те жіберілді. Өз міндетіне атүсті қараған операторлар жұрттың дүрлігуіне алып келді. Айтуларынша, СМС мәтіні талапқа сай келмеген. Мән-жайды жіті тексеретін боламыз.
Ал ақпарат ала алмаған жұрт әлеуметтік желілерде тараған дақпыртқа сеніп, үйлерінен безіп кеткен. Мыңдаған адам бала-шағасы мен құжаттарын алып, таңнан қаладан шығуға әрекеттенді. Салдарынан қала көшелерінде бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болған. Құтқарушылар СМС хабарламаларды енді жіберіп жатыр. Десе де, алдағы дүйсенбіге дейін таулы аудандарда сел қаупі сақталады дейді мамандар.
Loading...