Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы "Егемен Қазақстан" газетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас бапкердің айтуынша, Баходир жаттығу барысындағы темірдей тәртіптің арқасында чемпион болған.
«Тәртіпке басымдық беретінім рас. Баходирді «скакалкамен» талай сабағанмын. Кейде қасымдағы жаттықтырушылар ара түсетін. Сондай қатал тәртіптің нәтижесінде Боходир чемпион болып жүр. Қазір маған рахмет айтады. Айтпақшы, Баходирді шыңдауға Қазақстан да едәуір үлес қосты. Баходир, Исраил, Муроджон, Елнұр бастаған мықты шәкірттерімнің барлығы Қазақстан арқылы әлемге танылды. Сіздерде жастар мен ересектер арасында жылына 10-15 турнир ұйымдастырылады. Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан секілді қалаларда өтетін турнирлерге шәкірттерімді талай апарғанмын. Кейде бір қаладағы турнирді тәмамдап, елге қайтпай, бірден екінші шаһардағы додаға топ ете түсетінбіз. Боксшыларымызды турнирлерге көбірек қатыстырып, тәжірибе жинақтау басты мақсат болды. Жалолов, Мадримов, Ахмадалиев секілді боксшылар жастар мен ересектер арасындағы жарыстарға қатар қатыса беретін. Баходир жас күнінде арық, бойшаң болды. 92 килода жұдырықтасатын. Беті қайтып қалмасын деп Алексей Севастьяновтың жеке бапкеріне «шәкіртің байқап ұрсын, екінші раундта рингке шығармаймыз» деп өтініш айтқан кезіміз де болған. Сөйткен Баходир қазір абыройымызды асырып жатыр», - деді Өзбекстан құрамасының бокстан бас бапкері.
Бүгінде Баходир Жалолов әуесқой бокстан бөлек, кәсіпқой бокста да бағын сынап, бабын шыңдап жүр. Тілші бапкерден оның қос майданда жүргені қаншалықты дұрыс деп сұрады.
«Өте қиын. Бірақ басқа амалымыз жоқ. Баходир – жастардың кумирі, беткеұстарымыз. Ол кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Париж олимпиадасынан кейін толықтай кәсіпқой боксқа ауысады», - деді Толқын Қылышев.