"Байқоңыр" федералдық ғарыш орталығының ақпаратына сәйкес, ғарыштық аппарат тиісті орбитаға шығарылды, ол жуырда Еуропаның ғарыштық агенттігіне пайдалануға өткеріледі.
"Сorot" -диаметрі 30 см-лік екі парабола түріндегі айналардан тұратын фокустық қашықтығы 1,1 метрлік телескоп орнатылған шағын жер серігі. Жер серігінің салмағы 600 килограмм, телескоптың салмағы - 300 килограмм.
Жоба бойынша бұл телескоп 2,5 жылда 120 мың жұлдызды бақылауға мүмкіндік беруге тиіс. Оның басты мақсаты - жұлдыздардың жарықтығындағы мардымсыз өзгерістердің өзін анықтау. Алынған ақпараттардың негізінде осы жұлдыздардың салмағын, жасы мен химиялық құрамын анықтауға, сондай-ақ Жермен бірдей мөлшердегі ғаламшарлары бар, мөлшері жағынан да бірдей жұлдыздарды табуға болады, дейді ғарыш мамандары.
"Байқоңыр" федералдық ғарыш орталығының баспасөз хатшысы Олег Урусовтың хабарлауынша, "Союз-2.1б" зымыран тасығышы - бұл жаңа үшінші сатылы қозғалтқыш орнатылған және жүк көтерімділігі шамамен бір тоннаға (950 килограмм) көбейтілген, модернизацияланған "Союз-2.1б" зымыран тасығышының Байқоңырдан алғаш рет ұшырылуы. Алғашқы екі сатысының қозғалтқыштары дәл осындай болып келетін және сандық басқару жүйесі бар "Союз-2.1а" зымыран тасығышынан бір ерекшелігі - зымыранда жаңартылған үшінші сатысының болуында. Бұған дейін Плесецк және Байқоңыр ғарыш айлақтарында жүзеге асырылған "Союз-2.1а" зымыран тасығышының екі ұшырылымы жаңа бағдарламалық қамтамасыздық пен сандық басқару жүйесін сынақтан өткізуге мүмкіндік берді. Ал "Союз-2.1б" зымыран тасығышының ұшырылымы "Союз" тобындағы зымыран тасығыштары паркін жаңалауға және аппараттарды ғарышқа шығару бағытындағы міндеттер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
"Союз-2.1б" зымыран тасығышының ұшырылымы - Байқоңыр ғарыш айлағынан биыл жүзеге асырылған 16-шы ұшырылым болды (тағы екі құрлықаралық зымыран Ресей қорғаныс министрлігінің мүддесіне ұшырылды).
2007-жылғы ғарыштық ұшырылымдар бағдарламасы қаңтарда бсталады. 18-қаңтарда 1-алаңнан "Прогресс М-59" жүк кораблі мен "Союз-У" зымыранын ұшырылады. Ғарыштық жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына азық-түлік, су және отын жеткізеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті