"Байқоңыр" ғарыш айлағындағылар кезекті ұшырылымға әзірленуде

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ғарыштық аппараттың жүйелері тексерілгеннен кейін, 23-мамырда "Фотон-М" №112 алаңдағы монтаждау және сынақ корпусынан №2Б алаңындағы монтаждау-сынақ алаңына шығарылды. Онда пневмовакуумдық сынақтар жүзеге асырылады.

"Фотон-М" ғарыштық аппаратына ғылыми құрал-жабдықтар зымыран-тасығышпен құрастырар алдында ғана орнатылады. Ғылыми зерттеулерге арналған жабдықтар мен биологиялық сынамалар Голландиядан Байқоңырға 26-мамырда жеткізіледі, деп хабарлайды баспасөз қызметі. Сынақтардан кейін ғарыштық аппарат зымыран тасығыштың негізгі бөлігімен түйістіріледі.
"Ұшып жүретін зертханаға" айналатын "Фотон-М" жер серігінің көмегімен материалтануға бағытталған және сұйықтық физикасы саласындағы зерттеулер жүргізіледі.
Мемлекеттік комиссияның жиналысы 30-мамырда өтіп, ол "Фотон-М" ғарыштық аппаратын алып ұшатын "Союз-У" зымыран тасығышын ұшыруға қатысты шешімді қабылдайды. Ұшырылым 2005-жылдың 31-мамырында жүзеге асырылады деп күтілуде.