Байқоңыр ғарыш айлағының 50 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар аяқталып келеді

Салтанатты шаралардың негізгі бөлігі "Десятилетие" стадионында өтеді. Онда ардагерлер, ғарыш айлағындағы кәсіпорындар мен ұйым қызметкерлерінің мерекелік шеруі ұйымдастырылып, ғарыш айлағының даму кезеңдерін паш ететін "Байқоңырдың жұлдызды қадамдары" атты қойылым ойналады. Кешкісін Қазақстан және Ресейлік әншілердің қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қысқа мерзімді жұмыс сапарымен Байқоңырға келді. Екі мемлекет басшысы мерекелік салтанатты шараларға қатысып, бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойды.
РФ президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Назарбаев пен Путин бірлескен мәлімдеме қабылдап, онда ғарыш саласы бойынша екі ел арасында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға деген құлшыныс жария етілді. Құжат бойынша, ынтымақтастықтың басты бағыттары ретінде "Бәйтерек" ғарыш кешенін құру, Қазақстанның "ҚазСат" байланыс спутнигін ұшыру, Қазақстандық ғарышкерлердің қатысуымен Халықаралық ғарыш станциясында бірлескен жұмыстарды іске асыру, халықаралық туризмді дамыту аталды.
"Біз Ресей мен Қазақстан алдағы уақытта да Байқоңыр ғарыш айлағы әлемдік ғарыш зерттеуінің алғы шебінде қалуы үшін, ғылыми-техникалық ілгерілеушіліктің нышаны ретінде қызмет етуі үшін, Ресей мен Қазақстан арасындағы көп жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын куәгеріне айналуы үшін бәрін жасайтын боламыз",- делінген хабарламада.
Сонымен бірге "Байқоңыр" ғарыш кешені аумағындағы табиғат пайдалану және экология жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Федералдық ғарыш агенттігі мен ҚР білім және ғылым министрлігі арасында ғарыштық іс-қызмет саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыру туралы, сондай-ақ, РФ Федералдық кеден қызметі мен ҚР қаржы министрлігі кедендік бақылау комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Сонымен бірге екі мемлекет басшысы жарғылық капиталы 1,5 млрд. доллар болатын бірлескен инвестициялық банк құру туралы талқылады. Аталмыш қаржының 1 млрд. долларын Ресей, 0,5 млрд. долларын Қазақстан бөледі. Байқоңырдағы кездесуге дайындалу барысында бұл мәселені В.Путин үкімет мүшелерімен сарапқа салған. "Бұл жұмысты аяқтау үшін тағы да 2-3 ай мұрсат беру дұрыс деп санаймын",- деді Ресей президенті.
Кешкісін "Сатурн" киноконцерт залында мерейтойға арналған салтанатты кеш болды. В.Путин ғарыш айлағының қазақстандық және ресейлік қызметкерлерін РФ ордендері мен медальдарымен марапаттады. Ал Н.Назарбаев бірқатар ресейлік мамандарға Қазақстанның мемлекеттік сыйлықтарын табыс етті.