Байқоңыр қаласында Қазақстанның мүлкі мен нысандарын тізімдеуге дайындық басталды

Баспасөз қызметінің түсіндіруінше, Байқоңырдың мэрі Александр Мезенцевтің өкімімен, қазіргі уақытта қалалық кәсіпорындарда арнаулы мекемеаралық комиссия құрамына кіру үшін лауазымды тұлғаларды тағайындауға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. "Бақылау - 2007" іс-шарасын жүргізуге қатысты негізгі салмақ Байқоңыр қаласының Ресей Федерациясының мүлік қатынастары бөліміне жүктеледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру жөніндегі Байқоңыр аумақтық комитетінің төрағасы Мағауия Ажмолдаевтың ақпараттарына сүйенсек, "Қазақстан Республикасы тарапынан төрт жылда бір рет қана бақылау жасалады". Ол бұған дейінгі бақылау 1999 және 2003 жылдары өткендігін еске сала кетті. "Оның негізгі мақсаты - нысандардың сақталуын, оларды мақсатқа сай пайдаланылу шарттарын тексеру, сонымен қатар Қазақстан Республикасы нысандарының техникалық жағдайын бағалау",- деп қосты М. Ажмолдаев.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті