Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін ғарыш айлағының 32-алаңының жанармай құю станциясында "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының, транспорттық және химиялық машина жасау жөніндегі конструкторлық бюроның қызметкерлері "Бриз-М" үдеткіш блогының жоғары қысымды құтыларын отын компонеттерімен және сұйытылған газбен толтыруда. Бұл жұмыс бүгін аяқталады деп күтілуде. Түнде үдеткіш блок 92А-50 алаңның монтаж-сынақ корпусына жеткізіледі.
Сондай-ақ, бүгін шетелдік мамандар "АрабСат-4Б" телекоммуникациялық жер серігіне жанармай құяды.
"Протон-М" зымыран тасығышының басқару жүйелерінің жабдықтары да тексерілуде. "Бриз-М" үдеткіш блогы мен "АрабСат-4Б" телекоммуникациялық жер серігін алып ұшатын "Протоон-М" зымыран тасығышы 8-қарашада ұшырылады.
Арабияның жер серігі байланысы ұйымына қарасты "АрабСат-4Б" телекоммуникациялық жер серігі сандық телевидение қызметін көрсету, тікелей телевизиялық хабарлар тарату, тұтынушыларға мәліметтерді жеткізу және Араб әлемі елдеріне Интернет қызметін жеткізуге арналған. "АрабСат-4Б" телекоммуникациялық жер серігі "АрабСат" ғарыштық байланыс жер серіктері тобының екінші серігі болып табылады. Алғашқы жер серігі - "АрабСат-4А" ғарыштық аппаратының наурыз айындағы ұшырылымы сәтсіз аяқталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті