Бүгін №31 алаңның ұшырылым кешенінде 12 желтоқсанда ұшырылым "үстеліне" тік күйінде орнатылған "Союз-ФГ" зымыран тасығышы мен Канаданың RadarSat-2 ғарыштық аппаратын ұшырылымға дайындауға ақырғы операциялар жүргізілуде.
Ғарыш саласы кәсіпорындарының мамандары бүгін таңертең ұшырылым күнінің кестесі бойынша жұмысқа кірісті. Олар "Союз-ФГ"зымыран тасығышын зымыран отыны компоненттерімен толтыруға дайындалады.
Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін зымыран тасығышқа отын құю және оны ұшыру жөніндегі шешім мемлекеттік комиссияның бүгін кешке өтетін отырысында қабылданады. Мемлекеттік комиссияның техникалық басшылығы мен мүшелері зымыранның, ұшырылым қондырғысы мен ғарыштық жер үсті инфрақұрылымының басқа да нысандарының дайындық жағдайын қорытындылайды. Отын құю ұшырылымнан 3 сағат бұрын жүзеге асырылады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, RadarSat-2 (Radar Satellite) жер серігін MacDonald Detwiller&Associates компаниясы MDA компаниясы мен Канада ғарыштық агенттігінің ынтымақтастығы аясында жасап шығарды.
Ғарыштық аппарат PRIMA тұғырында өзінің қызмет ету мерзімін аяқтаған RadarSat-1 аппаратын алмастыру үшін жасалған, ол Арктикаға мониторинг жүргізуге арналған.
RadarSat-2 С-диапазонда жұмыс істейтін синтезделген апертуралы (15х1,5м-лік антенна) көпфункциялы радармен жабдықталған. Ол жер бетін 3-300 метр/пиксельдік айқындықпен күн райының қандай ахуалында да түсіре алады. RadarSat-2 жер серігі 7 жылға белсенді жұмыс істеуге арналған.
RadarSat-2 ғарыштық аппаратын "Союз-ФГ" зымыран тасығышының көмегімен Байқоңырдан 2007 жылдың 14 желтоқсанында Астана уақытымен 19 сағат 17 минутта ұшыру межеленген.