Байқоңырда "Экспресс-АМ33" жер серігі мен "Протон-М" зымыран тасығышының ғарыштық бас бөлігімен құрастыру жұмыстары басталды

Ғарыш айлағында 2008 жылғы бірінші ғарыштық ұшырылымға дайындық жұмыстары жалғасуда.

Бүгін 92А-50 алаңның монтаж-сынақ корпусында М.Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының мамандары, М. Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік білестігінің мамандары мен "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының мамандары "Экспресс-АМ333" ғарыштық аппаратын "Протон-М" зымыран тасығышының ғарыштық бас бөлігін құрайтын өтпелі адаптермен және "Бриз-М" үдеткіш блогымен құрастырады.

Кеше "Экспресс-АМ33" жер серігінің ұшырылым алдындағы дайындығы аяқталды, кеше ол №31 алаңның монтаж-сынақ корпусынан №92А50 алаңының монтаж-сынақ корпусының залына тасымалданды.

Онда ғарыштық бас бөлік бірнеше күн бойы құрастырылады, бас обтекатель құрастырылып сынақтан өткеннен кейін ғарыштық бас бөлік "Протон-М" зымыран тасығышын жалпы құрастыруға жіберіледі. Ол келесі аптаға межеленген.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Экспресс-АМ33" ғарыш аппаратын Железногорск қаласындағы М. Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік білестігінің мамандары Францияның Thales Alenia Space фирмасымен бірлесе жасаған. Жер серігі 12 жыл белсенді жұмыс істеуге тиіс. "Экспресс-АМ33" байланыс, телерадио хабарларын тарату, мәліметтер беру, жылжымалы үкіметтік және президенттік байланысты қамтамасыз етуге арналған.

Бұл аппарат орбитада 2006 жылғы наурызда "ғарыштық қоқыспен" соқтығысу салдарынан апатқа ұшыраған "Экспресс-АМ11" геостационарлық жер серігін алмастыруға тиіс.

"Экспресс-АМ33" ғарыштық аппараты "Протон-М" зымыран тасығышының көмегімен 28 қаңтарда Астана уақытымен 6 сағат 19 минутта ұшырылады деп жоспарланған.