Ғарыш айлағында 2008 жылғы бірінші ғарыштық ұшырылымға дайындық жалғасуда. №31 алаңның жанармай құю станциясында М. Хруничев атындағы орталық пен Ауыр химиялық машина жасау жөніндегі конструкторлық бюросының мамандары "Бриз-М" үдеткіш блогының жоғары қысымды бактарына жанармай толтырып аяқтады. Сенбі күні сөйтіп "Бриз-М" үдеткіш блогы 92А-50 алаңның монтаж-сынақ корпусына тасымалданды, онда үдеткіш блок "Экспресс-АМ33" ғарыштық аппаратымен түйістіріледі.
Осымен біруақытта 92А-50 алаңның монтаж-сынақ корпусында "Экспресс-АМ33" байланыс жер серігін ұшыруға арналған "Протон-М" зымыран тасығышының пневмовакуумдық сынақтары өткізілуде. Сондай-ақ, ұшырылым кешені мен жер үсті жабдықтары да дайындалу үстінде.
Ғарыш айлағының №31 алаңының монтаж-сынақ корпусында М. Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік білестігінің мамандары, "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығы мен "Вымпел" тәжірибелік-конструкторлық бюросының мамандары "Экспресс-АМ33" ғарыштық аппаратына күн батареяларын орнату жұмыстарын жүргізуде.
"Экспресс-АМ33" ғарыш аппаратын Железногорск қаласындағы М. Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік білестігінің мамандары Францияның Thales Alenia Space фирмасымен бірлесе жасаған. Жер серігі 12 жыл белсенді жұмыс істеуге тиіс. "Экспресс-АМ33" байланыс, телерадио хабарларын тарату, мәліметтер беру, жылжымалы үкіметтік және президенттік байланысты қамтамасыз етуге арналған.
Бұл аппарат орбитада 2006 жылғы наурызда "ғарыштық қоқыспен" соқтығысу салдарынан апатқа ұшыраған "Экспресс-АМ11" геостационарлық жер серігін алмастыруға тиіс.
"Экспресс-АМ33" ғарыштық аппараты "Протон-М" зымыран тасығышының көмегімен 28 қаңтарда Астана уақытымен 6 сағат 19 минутта ұшырылады деп жоспарланған.