Федералдық ғарыш орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін, 18-наурызда 31-алаңдағы жанармай станциясында телекоммуникациялық "Экспресс-АМ-2" жер серігінің орбитада орналасуын түзетуге арналған "ДМ" үдеткіш блогы отынмен жабдықталады. Бұдан кейін үдеткіш блок ғарыш аппараты дайындалып жатқан алаңның монтаж- сынақ корпусына жіберіледі. Технологиялық желі бойынша осыдан кейін үдеткіш блок жер серігімен түйістіріледі. "Экспресс-АМ-2" спутнигімен түйістірілген үдеткіш блок "Протон-К" зымыран тасығышпен қоса құрастыру үшін 92-ші алаңға жеткізіледі.
"Протон-К" зымыран тасығышы "Экспресс-АМ-2" спутнигін 30-наурызда алып ұшады деп межеленген.
Сонымен бірге ғарыш айлағындағылар "Союз-ТМА-6" пилотты ғарыш кемесін ұшыруға қамданып жатыр. Ғарыш айлағының 31-ші алаңында "Союз-ТМА-6" ғарыш кемесін отын және сұйытылған газбен қамтамасыз ететін жанармай станциясы жұмысқа әзірленуде. Дайындық жоспары бойынша ғарыш кемесі негізгі және қосалқы экипажға енетін ғарышкерлер жаттығудан өткеннен кейін отынмен қамтамасыз етіледі. Ғарышкерлер ложементтер мен байланыс жүйесінің жұмысын, жабдықтардың орналастырылу жағдайын тексереді. Ғарышкерлер ғарыш айлағындағы жаттығулар үшін 3-сәуірде ұшып келеді деп күтілуде. Ғарыш кемесі 5-сәуірде жанармаймен қамтамасыз етіледі.
"Союз-ТМА-6" пилотты ғарыш кемесін алып ұшатын "Союз-ФГ" зымыран тасығышы 15-сәуірде ұшырылады.