Федералдық ғарыш орталығының ақпаратына сәйкес, жексенбі күні жергілікті уақытпен 7 сағат 30 минутта зымыран тасығыш монтаждау-сынақ корпусынан шығарылып, №31 алаңның ұшырылым кешеніне орнатылды. "Қазір Ресейдің ғарыш саласы кәсіпорындарының қызметкерлері ұшырылым кешені мен зымыран тасығыштың жүйелерін екінші күннің кестесіне сәйкес тексеруде",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Ұшырылым 27-желтоқсанға Астана уақытымен 20 сағат 23 минутқа межеленген. "Бұл Байқоңыр ғарыш айлағынан 2006-жылы жүзеге асырылатын соңғы ұшырылым",- деп хабарлайды орталық.
"Сorot" -диаметрі 30 см-лік екі парабола түріндегі айналардан тұратын фокустық қашықтығы 1,1 метрлік телескоп орнатылған шағын жер серігі. Жер серігінің салмағы 600 килограмм, телескоптың салмағы - 300 килограмм.
Жоба бойынша бұл телескоп 2,5 жылда 120 мың жұлдызды бақылауға мүмкіндік беруге тиіс. Оның басты мақсаты - жұлдыздардың жарықтығындағы мардымсыз өзгерістердің өзін анықтау. Алынған ақпараттардың негізінде осы жұлдыздардың салмағын, жасы мен химиялық құрамын анықтауға, сондай-ақ Жермен бірдей мөлшердегі ғаламшарлары бар, мөлшері жағынан да бірдей жұлдыздарды табуға болады, дейді ғарыш мамандары.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті