Бүгін Байқоңырда ғарыштық аппараттардың экологиялық қауіпсіздігі проблемаларына байланысты қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды. Экология мамандарының қоғамдық және экологиялық ұйымдардың өкілдерімен осындай кездесуі Роскосмостың бастамасымен Байқоңырда осымен екінші рет өткізілді, оны ұйымдастыруға қалалық әкімшілік қолдау көрсетті.
Тыңдаулар бағдарламасында мамандардың "КазСат-2" хабар тарату және геостационарлық байланыс жер серігінің базасындағы ғарыштық кешен туралы, геостационарлық "Экспресс-МД1" ғарыштық аппараты туралы, Халықаралық ғарыш станциясының көп мақсатты зертханалық модулі туралы, сондай-ақ, олардың қоршаған ортаға әсерін бағалау нәтижелері жөніндегі баяндамалары қамтылды.
"Геофизик" ғылыми орталығының бас директоры, К.Э.Циолковский атындағы Ресей космонавтика академиясының мүшесі Игорь Крестниковтың мәлімдеуінше, жүргізілген зерттеулерге сәйкес, "КазСат-2" және "Экспресс-МД1" жер серіктері мемлекеттік экологиялық сараптама талаптарына толық сай келеді; жер үсті инфрақұрылымы нысандарында ұшырылымға дайындау барысында және геостационар орбитада одан әрі пайдалану барысында қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Ғарыштық аппараттар қоршаған ортаға зиянды химиялық және электромагниттік әсерін тигізбейді.
"Бұл ең қауіпсіз ғарыштық аппараттарға жатады. Өйткені, жер серігінің плазмалық қозғалтқыш қондырғылары экологиялық қауіпсіз әрі бейтарап ксенон газымен жұмыс істейді", - деді Игорь Крестников. - "КазСат-2" және "Экспресс-МД1" жер серіктеріндегі секілді электрлік реактивтік плазмалық қозғалтқыш қондырғылары қолданылып келген 30 жылдың ішінде қозғалтқыштың жұмысында ақау шығу оқиғасы мүлдем тіркелген жоқ".
Ғалымның айтуынша, "КазСат-2" және "Экспресс-МД1" жер серіктерін ұшырған кезде зымыран тасығыш апатқа ұшыраған жағдайда 70 шақырымнан төмен биіктікте жер серіктерінің зымыран тасығыштан бөлек құлаған кезде қоршаған орта мен тұрғылықты халықтың денсаулығына зиян келтіру ықтималдығы 10 санының минус 14-ші дәрежесі, ал жер үсті инфрақұрылымына ақау келу ықтималдығы - 10 санының минус 11-ші дәрежесіне тең болмақ.
70 шақырымнан жоғары биіктіктен құлаған жағдайда ғарыштық аппараттар атомосфераның тығыз қабатында жанып кетеді. Құлайтын ұсақ металл қалдықтардың үлесі проценттің оныншы үлесіне таяу болмақ.
Тыңдауда атап көрсетілгеніндей, сондай-ақ, Халықаралық ғарыш станциясына жеткізілетін көпмақсатты зертханалық модульде улы отынмен жұмыс істейтін қозғалтқышында механикалық әсерлерден қосарланған қорғаныс жүйесі қарастырылған.
"Отын құйылған 10 баллоннның корпусының қосарланған қорғанысы, мысалы, ДМ және "Бриз-М" үдеткіш блогының бір қабықты құрылымды отын құятын бактарындағыдан гөрі сенімдірек", - деді Игорь Крестников. Бұл модульдің ғарыш айлағындағы дайындықтар, ұшырылым кезіндегі, халықаралық ғарыш станциясымен түйістіргеннен кейінгі жұмыс істеуі кезіндегі қауіпсіздігі мен сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
"Экологиялық зерттеулердің негізінде аталған ғарыштық аппараттардың қоршаған ортаға, Байқоңыр ғарыш айлағындағы жер үсті инфрақұрылымы мен ғарыштық кеңістікке тигізетін әсерінің деңгейі тым мардымсыз және арнаулы экологиялық шараларды ойластырудың қажеті жоқ деген тұжырым жасауға болады", - деді сөз соңында Игорь Крестников.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті