Байқоңырда Израильдің AMOS-3 жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары басталды

Ғарыш айлағының мамандары мен AMOS-3 жер серігінің шетелдік жасаушылары №31 алаңның монтаж-сынақ корпусында ұшырылым алдындағы дайындықты жүргізу үшін ғарыштық аппаратты стендке орната бастады.

AMOS-3 жер серігі қосалқы жабдықтарымен бірге кеше, 18 наурызда "Юбилейный" әуежайына ұшақпен жеткізілген.

AMOS-3 жер серігі "Зенит-3SLB" зымыран тасығышымен ұшырылады. Зымырыан тасығыштың алдағы ұшырылымы "Жер үсті ұшырылымы" деп аталатын жаңа халықаралық бағдарламаның аясында жүзеге асырылады. "Sea Launch" ("Теңіздегі ұшырылым") бағдарламасы бойынша Odyssey теңіз платформасынан жасалатын ұшырылымдар кезінде пайдаланылатын "Зенит-3SL" зымыран тасығышын ұшыру үшін ғарыш айлағында №42 алаңдағы монтаж-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшырылым кешені реконструкцияланды.

Amos-3 жер серігі орбитада 1996 жылы ұшырылған Amos-1 аппаратын алмастыруға тиіс. Amos-3 Ku-диапазондағы ретрансляторлардың таралу аймағын кеңейтіп, Таяу Шығыс, Еуропа, Африка мен Солтүстік және Оңтүстік Американың кейбір аудандарында жоғары сапалы байланыс пен мәліметтер жіберуді қамтамасыз етеді.

Байқоңырдан Израильдің AMOS-3 телекоммуникациялық жер серігін ұшыруға арналған үш сатылы "Зенит-3SLB" зымыран тасығышын бастапқыда 2008 жылдың 24-ші наурызында ұшыру межеленген болатын.