№31 алаңның монтаждау және сынақ корпусында шетелдік мамандар арнаулы стендте орнатылған RadarSat-2 жер серігін ұшырылым алдында тексере бастады. Жұмыстар келесі аптада аяқталуға тиіс. Бұдан кейін ол өтпелі жүйемен және "Фрегат" үдеткіш блогымен түйістіріледі. Сонымен біруақытта ғарыш айлағының мамандары ғарыштық аппаратты алып ұшатын "Союз-ФГ" зымыран тасығышының блоктарын құрастырып тексере бастады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, RadarSat-2 (Radar Satellite) жер серігін MacDonald Detwiller&Associates компаниясы MDA компаниясы мен Канада ғарыштық агенттігінің ынтымақтастығы аясында жасап шығарды.
Ғарыштық аппарат PRIMA тұғырында өзінің қызмет ету мерзімін аяқтаған RadarSat-1 аппаратын алмастыру үшін жасалған, ол Арктикаға мониторинг жүргізуге арналған.
RadarSat-2 С-диапазонда жұмыс істейтін синтезделген апертуралы (15х1,5м-лік антенна) көпфункциялы радармен жабдықталған. Ол жер бетін 3-300 метр/пиксельдік айқындықпен күн райының қандай ахуалында да түсіре алады. RadarSat-2 жер серігі 7 жылға белсенді жұмыс істеуге арналған.
RadarSat-2 ғарыштық аппаратын "Союз-ФГ" зымыран тасығышының көмегімен Байқоңырдан 2007 жылдың 8 желтоқсанында ұшыру межеленген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті