Байқоңырда Халықаралық ғарыш станциясындағы экспедицияға қатысушы елдердің жалауы көтерілді

Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, рәсім ғарышкерлер экипажы тұрып жатқан "Ғарышкер" қонақүйінің жанындағы 17-ші алаңда өткізілді. Қалалық әкімшілік басшысының орынбасары Анатолий Петренко мен ҚР президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі Әділбек Басекеев негізгі және қосалқы экипаж мүшелеріне сәлем берді.
Бұдан кейін негізгі және қосалқы экипаж мүшелері Ресей, АҚШ және Қазақстанның туын көтерді. Сөйтіп бұл рәсім арқылы ғарышкерлерді ұшыруға жасалатын дайындықтардың ақырғы кезеңі басталды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Халықаралық ғарыш станциясына баратын 12-ші экспедицияның негізгі экипажына ресейлік Валерий Токарев бортинженер ретінде, НАСА астронавты Уильям МакАртур командир ретінде, Грегори Олсен ғарыштық турист ретінде енді. Қосалқы экипажға бортинженер ретінде ресейлік Михаил Тюрин, командир ретінде Джеффри Уильямс, сондай-ақ, Space Adventures компаниясының ресейлік өкілдігінің жетекшісі Сергей Костенко енген.
В.Токаревтің айтуынша, алдағы тәуліктерде экипаж тәжірибелік сабақтар өткізіп, борт құжаттарымен танысады.
Осы уақыт ішінде "Союз ТМА-7" пилотты ғарыш кемесімен жол тартатын 12-ші экспедицияның негізгі және қосалқы экипаж мүшелері айлақтың 254-ші алаңында скафандрлар мен ложементтерді киіп көріп, ғарыш кемесінің аппараттарында жаттығулар өткізеді.
Дайындық жұмыстарының жоспарына сәйкес, 28-қыркүйекте зымыран тасығыш пен ғарыш кемесі құрастырылып, 29-қыркүйекте "Союз-ФГ" зымыран тасығышы мен "Союз ТМА-7" кораблі ұшырылым алдындағы ақырғы операцияларды жүзеге асыру үшін №1 алаңға шығарылады. 30-қыркүйекте мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, ұшырылымға қатсатын негізгі және қосалқы экипаждың құрамын бекітеді.
Ғарыш кемесі 1-қазанда ұшырылады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті