"Союз ТМА-10" кораблінің негізгі экипажының командирі Олег Котов пен Федор Юрчихин Ресейдің байрағын, ал ғарыштық турист Чарльз Симони - АҚШ туын, қосалқы экипаж мүшелері Роман Романенко мен Михаил Корниенко Қазақстанның мемлекеттік рәмізін көтерді. Ту көтеру рәсімін бастау жөніндегі бұйрықты Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерлі дайындау орталығының жетекшісі, генерал-майор Василий Циблиев берді. Ту көтеру рәсімі ғарышкерлердің пилотты ұшырылымға дайындық жұмыстарының ақырғы кезеңінің ресми түрде басталғанын білдіреді.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, рәсім ғарышкерлер экипажы тұрып жатқан "Ғарышкер" қонақүйінің жанындағы 17-ші алаңда өткізілді.
Осыдан кейінгі қысқаша митингте қалалық әкімшілік басшысының орынбасары Анатолий Петренко, ҚР президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі Әділбек Басекеев пен "Энергия" зымыран-ғарыштық корпорациясының президенті Николай Севастьянов негізгі және қосалқы экипаж мүшелеріне сәлем берді. Олар ғарышкерлерге байқоңыр даласында табысты дайындық тіледі.
Халықаралық ғарыш станциясына баратын экипаждың "Союз" ғарыш кемесінде жұмыс істеген тәжірибесі жоқ. "Бірақ, ғарышкерлерлі дайындау орталығындағы дайындықтар бізге жеткілікті техникалық білім мен машық-тәжірибе бергендіктен, сапардың сәтті болатынына күмәніміз жоқ",- деді О.Котов баспасөз мәслихатында журналистер сауалына берген жауабында. "Юрий Гагариннен бастап Кеңестік және Ресейлік экипаждар әрқашан әлдебір нәрсені алғаш рет жүзеге асырып келді. Сол себепті мен қорқынышты ештеңені көрмей тұрмын",- деді өз кезегінде Ф.Юрчихин.
Ұшу алдындағы дайындық жоспарына сәйкес, 4-сәуірде зымыран тасығыш пен ғарыш кемесі құрастырылып, 5-сәуірде "Союз-ФГ" зымыран тасығышы "Союз ТМА-10" ғарыш кемесімен бірге №1 алаңға ұшырылым алдындағы ақырғы дайындықтар үшін шығарылады. 6-сәуірде мемлекеттік комиссияның жиналысы өтеді. Онда алдағы ұшырылымның негізгі және қосалқы экипажының құрамы бекітіледі.
Айта кетейік, Халықаралық ғарыш станциясына баратын 15 басты экспедицияның экипажы мен "Союз ТМА-10" кемесін алып ұшатын "Союз-ФГ" зымыран тасығышы 7 сәуір күні Астана уақыты бойынша 21 сағат 31 минутқа белгіленген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті