"Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының ақпаратына сәйкес, 92-А50 алаңының монтаж-сынақ корпусында ғарыш айлағының мамандары "Протон-М" зымыран тасығышының бас бөлігін құрастырып аяқтады. Жуырда жанармай толтырылған "Measat-3" ғарыштық аппаратын өтпелі жүйемен және "Бриз-М" үдеткіш блогымен электрлік және механикалық түйістіру шарасы іске асырылды. Ал бүгін М.Хруничев атындағы орталық мамандары мен ғарыш аппаратын жасаған компания мамандары бас обтекательді монтаждап, тоқты тексерді. Дайындық шараларынан кейін зымыран тасығыш, "Measat-3" ғарыштық аппараты мен "Бриз-М" үдеткіш блогын толық құрастыру жұмыстары басталады.
Түйістіру жұмыстары 3-желтоқсанға межеленген. 9-желтоқсанда зымыран 200-алаңның ұшыру кешеніне шығарылып, ұшу алдындағы дайындықтар басталады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "MeaSat-3" ғарыштық аппаратын "Boeing" компаниясы Малайзияның "Binariang Satellite Systems Sdn. Bhd." спутниктік байланыс операторына арнап жасаған.
"MeaSat-3" телекоммуникациялық жер серігі Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Азия және Австралия тұтынушыларына қызмет көрсетуге арналған.
"Measat-3" ғарыштық аппаратын жер орбитасына шығаратын "Протон-М" зымыран тасығышы мен "Бриз-М" үдеткіш блогы 12-желтоқсанда Байқоңыр ғарыш айлағының 200-алаңынан ұшырылады деп межеленген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті