Байқоңырда Nimiq 4 жер серігін алып ұшатын "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға дайындық жөніндегі екінші старт күнінің кестесі бойынша жұмыстар жүргізілуде

Кеше "Протон-М" зымыран тасығышы №200 алаңның ұшыру кешеніне шығарылды. Зымыран ойдағыдай жеткізіліп, ұшыру "үстеліне" тігінен тұрғызылды. Ғарыш айлағының мамандары екінші старт күнінің кестесі бойынша жұмысқа кірісіп кетті.

Nimiq 4 жер серігін Еуропаның EADS Astrium компаниясы спутниктік Eurostar E3000 платформасының негізінде жасап шығарған, ол геостационар орбитада жұмыс істеуге арналған. Nimiq 4 ғарыштық аппараты Канаданың мәліметтерді жалғастыру және Солтүстік Америкада радиохабарларын тарату қызметін көрсететін ұлттық спутниктік байланыс жөніндегі Telesat Canada компаниясына тиесілі.

Nimiq 4 жер серігі тамызда ғарыш айлағына жеткізілді. Оны алып ұшатын "Протон-М" зымыран тасығышы 2008 жылдың 19-шы қыркүйегінде ұшырылады деп межеленген.