Байқоңырда "Прогресс М-64" жүк тасымалдаушы кемесіне бас обтекательді орнату жұмыстары жүріп жатыр

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бүгін "Роскосмос" кәсіпорындарының мамандары №254 алаңның монтаж-сынақ корпусында "Прогресс М-64" жүк тасымалдаушы кемесіне авторлық тексеру жасап, содан кейін бас обтекательді орнату жұмыстарына кірісті.

Обтекательдің монтажы жасалғаннан кейін "Прогресс М-64" жүк тасымалдаушы кемесі №112 алаңның монтаж-сынақ корпусына тасымалданады. Онда "Союз-У" зымыран тасығышы мен "Прогресс М-64" жүк тасымалдаушы кемесі жинақталып құрастырылады.

12 мамыр күні "Союз-У" зымыран тасығышы "Прогресс М-64" жүк тасымалдаушы кемесімен құрастырылғаннан соң "ұшыру үстелінде" тігінен орнатылу және дайындық жұмыстарын жалғастыру үшін №1 алаңның ұшырылым кешеніне жеткізіледі.

Сонымен бір мезгілде ғарыш айлағының мамандары №1 алаңның ұшырылым кешенінде сынақтар кешенін өткізеді және байланыс бойынша жаттығулар өткізеді.

17-ші экспедиция экипажына арналған жүк тиеген "Прогресс М-64" жүк тасымалдаушы кемесін "Союз-У" зымыран тасығышының көмегімен Халықаралық ғарыш станциясына №1 алаңның №5 ұшыру қондырғысынан 15 мамыр күні Астана уақытымен 2 сағат 22 минутта (Мәскеу уақытымен 00 сағат 22 минут) ұшыру жоспарланған.

"Прогресс М-64" жүк тасымалдаушы кемесі Халықаралық ғарыш станциясына шамамен 2,5 тонна жүк жеткізеді. Олар станция орбитасын сақтап тұратын жанармай, азық-түлік, су, ғылыми құралдар, Халықаралық ғарыш станциясына 8 сәуірде ұшқан 17 экспедиция экипажының шығындық материалдары.

Сондай-ақ, ғарыштық жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына 90 грузин ұлуын жеткізеді. Оларды вестибулярлық аппарат пен ұлпа жасушасының регенерациясына салмақсыздықтың етер әсері бойынша тәжірибеден өткізетін болады.